БИЫЛ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 67 ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ІСКЕ ҚОСЫЛЫП, 6 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЖАҢА ЖҰМЫС ОРНЫ АШЫЛМАҚ

БИЫЛ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 67 ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ІСКЕ ҚОСЫЛЫП, 6 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЖАҢА ЖҰМЫС ОРНЫ АШЫЛМАҚ
▪️Түркістан облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес, өңірде 2026-2029 жылдар аралығында жүзеге асырылатын өңірлік инвестициялық жобалар пулы қайта қаралып, жасақталды. Нәтижесінде, құны 500 млн теңгеден асатын, жалпы сомасы 2,8 трлн теңгені құрайтын 122 жобаның пулы қалыптастырылды. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде айтылды.
▪️Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек инвестициялық жобалардың іске асырылу барысы туралы баяндады. Оның мәлімдеуінше, биыл жалпы құны 369,4 млрд теңгеге 67 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарлануда. Нәтижесінде, 5894 жаңа жұмыс орны құрылмақ. Инвестициялық штаб отырысында 2026 жылы іске асырылуы жоспарланған жобаларға қатысты өзекті мәселелер тұрақты қаралып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар өңірге инвестиция тарту және жаңа жоба бастамашыларымен келіссөздер жүргізу жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда.
▪️Одан бөлек, облыстағы барлық аудандар мен қалаларда өндірістік ғимараттар құрылуда. Бүгінде парк құрылысы қарқынды жүргізілуде. Мәжілісте өндірістік парк жобасын іске асырылу барысы туралы ақпарат берілді.
▪️Облыс басшысы аудан және қала әкімдеріне бірқатар тапсырма беріп, орындалу барысын қатаң бақылауда екенін ескертті.
📌– Өндірістік парктердің құрылысын уақтылы әрі сапалы жүргізіңіздер. Жобалардың мерзімінде іске қосылуын қамтамасыз ету керек. Жұмыс барысы бақылауымда тұр. Тапсырмаға немқұрайлы қараған басшыларға шара қолданылады, – деді Нұралхан Көшеров.
▪️Қазіргі таңда Сауран ауданына қарасты 7 ауылдық округтегі өндірістік парктерте 124 ғимарат салынуда. Бүгінде өндірістік алаңдарды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары атқарылып жатыр. Жетісай ауданында өндірістік парк құрылысы аяқталып, инфрақұрылым желілері жүргізілуде. Сонымен қатар жобаларды орналастыру жұмыстары басталды. Ордабасы ауданы мен Арыс қаласында өндірістік парк құрылысы аяқталса, Түркістан қаласы мен Шардара ауданында құрылыс аяқталуға жақын. Қазығұрт ауданында ғимараттардың сыртын қаптау жұмыстары жүргізілуде.
▪️Сонымен қатар Түлкібас ауданындағы 3 ауылдық округте өндірістік парк құрылуда. Қазіргі уақытта Балықты ауылындағы мал бордақылау алаңдары шоғырланған өндірістік парк дайын. Ал, Машат ауылында осындай өндірістік парктің құрылысы жалғасуда. Майлыкент ауылындағы нысандардың қабырғаларын көтеру жұмыстары аяқталуға жақын. Төлеби ауданындағы өндірістік ғимараттардың құрылысы аяқталып, жобаларды іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек, Сарыағаш, Келес, Отырар аудандары мен Кентау қаласында жерді тегістеу жұмыстары аяқталды. Бұл аудандар өндірістік кестеден артта қалып келеді. Сайрам ауданында тек 2 өндірістік ғимарат құрылысы аяқталуда. Қалған 3 ғимараттың құрылыс жұмыстары әлі аяқталмаған.
▪️Мақтаарал ауданында өндірістік парк құратын жер нақтыланып, нысанның қабырғасын қалау жұмыстары басталды. Созақ ауданында өндірістік парк бос тұрған шағын кешен базасында құрылып, 3 жоба орналастырылды. Жуырда арнайы киімдер мен аяқ киім өндіретін «Созақ груп» ЖШС жобасы іске қосылды. Бәйдібек ауданындағы 1 гектар аумақта орналасқан өндірістік кешенде қолөнер және тігін шеберханаларын орналастыру жоспарлап отыр. Аталған бағыттағы жұмыстар мен хаттамалық тапсырмалардың орындалу барысы қатаң бақылауда тұр.
▪️Аппарат мәжілісінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов өңірде «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Облыста «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы тұрақты жүзеге асырылуда. Соның ішінде, Наурызнама аясында «Тазару күніне» орай «Тазалық эстафетасын» және «ТазаLIKE» экофестивалі барлық аудан, қалада ұйымдастырылды. Аталған іс-шараға өңірде 40 мыңнан астам адам қатысып, 1000 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Сол күні 32 мыңнан астам ағаш отырғызылды. 89 ауылдық округте орналасқан 155 бұлақ көзі, 77 өзен бойлары, 58 каналдар мен арықтардың жағалаулары тазартылды. Дәл осындай жұмыстар облыстың барлық су көздерінде жалғасады.
▪️Сондай-ақ өңірде «Таза Қазақстан» бағдарламасын белсенді қолдау мақсатында құрылған «Jas Turkistan» волонтерлік ассоциациясының ұйымдастыруымен 15 эко-челлендж және 12 эко-марафон ұйымдастырылды. «Таза Қазақстан» бағдарламасының сапалы атқарылуы облыс басшысының қатаң бақылауында.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі