ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ТӨРТ ЖАҢА СУ ҚОЙМАСЫ САЛЫНАДЫ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ТӨРТ ЖАҢА СУ ҚОЙМАСЫ САЛЫНАДЫ
▪️Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Ордабасы ауданында Түркістан облысының тұрғындарымен есептік кездесу өткізіп, алдағы вегетация кезеңінің тұрақты өтуін қамтамасыз ету бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
▪️2028 жылға дейінгі су саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспарға сәйкес, Түркістан облысында төрт жаңа су қоймасын салу көзделген. Қазіргі таңда «Бәйдібек ата» және «Қарақуыc» су қоймаларының құрылысы аяқталуға жақын. Ал «Иқан-су» және «Боралдай» су қоймаларының жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр.
▪️Сонымен қатар үш су қоймасын қайта жаңғырту және тағы үш нысанның инженерлік-техникалық қорғанысын күшейту қарастырылған. Бұдан бөлек, 15 коммуналдық су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 40 гидротехникалық нысанға кешенді тексеру жүргізу жоспарланған.
▪️Өңірде ирригациялық каналдарды жөндеу және реконструкциялау бойынша төрт жоба аяқталып, нәтижесінде 24,5 мың гектардан астам суармалы жер сумен қамтамасыз етілді. Ал жыл басынан бері еліміздің оңтүстік өңірлерінде 115 каналды жаңғырту және 103 каналды автоматтандыру жұмыстары басталды.
📌– Соңғы жылдары климаттың өзгеру үрдісі айқын байқалуда. Бұл ауыл шаруашылығына да, су балансына да елеулі әсер етеді. Өткен жылғы вегетация кезеңі су ресурстарын тиімді әрі жауапкершілікпен басқарудың маңыздылығын көрсетті. Сондықтан су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту – біздің басым бағыттарымыздың бірі. Қазіргі жобалар су пайдаланудың тиімділігін арттырып, су шығынын азайтуға мүмкіндік береді, – деді министр Нұржан Нұржігітов.
▪️Министр сондай-ақ шаруаларды қолдау мақсатында қабылданған шараларға тоқталды. Су үнемдеу технологияларын енгізуді ынталандыру үшін ұңғымалар бұрғылау, инфрақұрылым тарту және жабдық сатып алу шығындарын өтеу үлесі 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылған.
▪️Соның нәтижесінде, елімізде су үнемдеу технологиялары қолданылатын алқап көлемі үш есеге өсіп, 543,5 мың гектарға жетті. Түркістан облысында қосымша 82 мың гектар жерге заманауи суару жүйелері енгізіліп, 124,5 млн текше метр су үнемделді.
▪️Сонымен қатар елімізде ирригациялық кондоминиумдар институты заң жүзінде бекітіліп, ирригациялық және коллекторлы-дренаждық желілерді тиісті деңгейде ұстау көзделуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, министрлік Бас прокуратурамен бірлесіп судың «көлеңкелі айналымын» жоюға бағытталған Жол картасын қабылдады. Құжатта су ресурстарына аудит жүргізу, заңсыз су алудың тәуекел аймақтарын анықтау, қаржылық бақылау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар қарастырылған.
▪️Кездесу барысында тұрғындар ирригациялық каналдарды тазалау және бетондау, бұлақтарды қалпына келтіру, тік дренаж ұңғымаларын жөндеу және су үнемдеуді субсидиялау мәселелері бойынша сұрақтарын қойды. Жиыннан кейін министр азаматтарды жеке қабылдап, тиісті саланың жауапты басшыларына көтерілген мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берді.