Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы – тек қоршаған ортаны тазалау ғана емес, ол қоғамның жаңғыруы мен азаматтық жауапкершіліктің айқын көрінісі.
Жоба аясында Түркістан облысында «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы ұйымдастырылып, табиғи су көздерін сақтау мен қорғауға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Осы бастамаға үн қосқан Төлеби ауданында бүгін 4 бірдей бұлақ басында тазалық және абаттандыру жұмыстары атқарылды. Атап айтқанда, Әңгір-Ата ауылындағы Шілтер әулие бұлағы, Майбұлақ ауылындағы Нұр-Ата бұлағы, Қайнар ауылындағы Жылақ-Ата бұлағы және Көксәйек ауылындағы Георгий әулие бұлағы аумақтары толық тазартылып, ретке келтірілді.

Шара барысында бұлақ көздерін ашу, айналаны санитарлық тазалау, тал егу (барлығы 250 ағаш егілді), әктеу және абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстар табиғи су көздерінің ағысын қалпына келтіруге және экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған.
Айта кетейік, облыс көлемінде «Мөлдір бұлақ» акциясы Түлкібас ауданында басталып, оған Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысқан болатын.