«Түркістан – Қазақ хандығының саяси орталығының бірі екенін ешқашан ұмытпауымыз керек. Бұл өңірде ұлтымыздың тағдырын айқындаған аса маңызды шешімдер қабылданды.
Ордабасы жерінде осыдан үш ғасыр бұрын ел болашағына айрықша әсер еткен үлкен Құрылтай өтті. Бұл бірегей жиынның мән-мағынасы аса ерекше.
Құрылтайда үш жүздің билері және игі жақсылары түгел бас қосып, бір тудың астына жиналды. Ұлт бірлігінің арқасында батыр бабаларымыз Аңырақай шайқасында тарихи жеңіске жетіп, бүкіл сырт елдерге қазақ елі тұтастығының күшін паш етті.
Осындай елдік пен ерлік дәстүрі ешқашан үзілген емес.
Біз де тарих жолын жалғастырып, елімізде төрелі жиын, төбелі басқосулар өткізіп келеміз. Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы Түркістанда өткенін жақсы білесіздер. Мен осы жерде «Адал азамат» тұжырымдамасын алғаш рет жарияладым.
Мамыр айының ортасында Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымының аясындағы тиісті мемлекеттер басшыларының ең жоғары деңгейдегі жиыны жоспарланып отыр. Бұл – қазіргі әлемдегі құбылмалы ахуалда өткізілетін өте маңызды халықаралық шара. Үкімет пен әкімдік осы жиынды мінсіз ұйымдастыруға мән беруі керек».

Президент Түркістан облысының даму қарқынын жоғары бағалады
«Көне шаһардың бірегей тарихи келбетін сақтау, мәдени мұрасын қорғау және жалпы осы облысты тұрақты дамыту – еліміз үшін маңызы зор міндеттердің бірі. Мен өзім Мемлекет басшысы ретінде бұл мәселеге айрықша мән беремін.
Бір жыл бұрын Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы арнайы Заң қабылдадық.
Бүгінде облыстың даму қарқыны жалпы жақсы деп айтуға болады, көптеген жұмыс істеліп жатыр. Әкім Нұралхан Көшеров белсенді түрде жұмысқа кірісті, өзі жергілікті ахуалмен таныс, жұмысының нәтижесі сәтті болады деп ойлаймын.
Былтыр аймақ экономикасы 14 пайызға өсті. Барлық салада жақсы көрсеткіштер пайда болып жатыр. Салық түсімі алғаш рет 1 триллион теңгеден асты. Аймаққа 1,7 триллион теңге инвестиция тартылды.
Үкіметтің мәліметі бойынша облыстағы елді мекеннің басым көпшілігі таза ауыз сумен қамтылды. Бірақ кейбір ауданда әлі де түйткілдер бар екен, тиісті министрлік әкімдікпен бірге бұл мәселелерді тез арада шешуі қажет. Ал табиғи газ жөнінде айтсақ, облыс халқының 90 пайызға жуығы қамтылған.
Бұдан бөлек, аймақта 83 әлеуметтік нысан ашылды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 16 білім ордасы салынды. Ауылдық жерлерде 35 денсаулық сақтау нысаны іске қосылды».