
Қадірлі отандастар!
Құрметті қауым!
Ең алдымен, баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін атажұртымыздың алтын бесігі – Түркістан шаһарына тағзым ету үшін арнайы келіп отырмын. Ризамын.
Менің Түркістанға ықыласым ерекше екенін жақсы білесіздер. Мемлекет басшысы ретінде алғашқы сапарымды осы өлкеден бастадым. Түркістан – түбі бір түркі жұртының қасиетті шаңырағы. Бұл – халқымыздың болмыс-бітімі, қайсар рухы, теңдессіз мәдениеті және елдік дәстүрі көрініс тапқан киелі жер. Әйгілі Қожа Ахмет Ясауидің мол мұрасы – шежірелі шаһардың рухани қазынасы. Әзірет Сұлтан кесенесі – түркі әлемінің берекелі тұтастығының символы. Төл тарихымызда есімі алтын әріппен жазылған тұғырлы тұлғаларымыз осы жерде мәңгілік мекенін тапқан.
Түркістан – Қазақ хандығының саяси орталығының бірі екенін ешқашан ұмытпауымыз керек. Бұл өңірде ұлтымыздың тағдырын айқындаған аса маңызды шешімдер қабылданды. Ордабасы жерінде осыдан үш ғасыр бұрын ел болашағына айрықша әсер еткен үлкен Құрылтай өтті. Бұл бірегей жиынның мән-мағынасы аса ерекше. Құрылтайда үш жүздің билері және игі жақсылары түгел бас қосып, бір тудың астына жиналды. Ұлт бірлігінің арқасында батыр бабаларымыз Аңырақай шайқасында тарихи жеңіске жетіп, бүкіл сырт елдерге қазақ елі тұтастығының күшін паш етті. Осындай елдік пен ерлік дәстүрі ешқашан үзілген емес.
Біз де тарих жолын жалғастырып, елімізде төрелі жиын, төбелі басқосулар өткізіп келеміз. Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы Түркістанда өткенін жақсы білесіздер. Мен осы жерде «Адал азамат» тұжырымдамасын алғаш рет жарияладым.
Мамыр айының ортасында Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымының аясындағы тиісті мемлекеттер басшыларының ең жоғары деңгейдегі жиыны жоспарланып отыр. Бұл – қазіргі әлемдегі құбылмалы ахуалда өткізілетін өте маңызды халықаралық шара. Үкімет пен әкімдік осы жиынды мінсіз ұйымдастыруға мән беруі керек.
Көне шаһардың бірегей тарихи келбетін сақтау, мәдени мұрасын қорғау және жалпы осы облысты тұрақты дамыту – еліміз үшін маңызы зор міндеттердің бірі. Мен өзім Мемлекет басшысы ретінде бұл мәселеге айрықша мән беремін.
Бір жыл бұрын Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы арнайы Заң қабылдадық. Бүгінде облыстың даму қарқыны жалпы жақсы деп айтуға болады, көптеген жұмыс істеліп жатыр. Әкім Нұралхан Көшеров белсенді түрде жұмысқа кірісті, өзі жергілікті ахуалмен таныс, жұмысының нәтижесі сәтті болады деп ойлаймын.
Былтыр аймақ экономикасы 14 пайызға өсті. Барлық салада жақсы көрсеткіштер пайда болып жатыр. Салық түсімі алғаш рет 1 триллион теңгеден асты. Аймаққа 1,7 триллион теңге инвестиция тартылды. Үкіметтің мәліметі бойынша облыстағы елді мекеннің басым көпшілігі таза ауыз сумен қамтылды. Бірақ кейбір ауданда әлі де түйткілдер бар екен, тиісті министрлік әкімдікпен бірге бұл мәселелерді тез арада шешуі қажет. Ал табиғи газ жөнінде айтсақ, облыс халқының 90 пайызға жуығы қамтылған. Бұдан бөлек, аймақта 83 әлеуметтік нысан ашылды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 16 білім ордасы салынды. Ауылдық жерлерде 35 денсаулық сақтау нысаны іске қосылды. 70 жылдан бері жөндеу жұмыстары жасалмаған Кентау жылу энергия орталығын жаңғыртуға қомақты қаржы бөлінді. Сондай-ақ тағы бір маңызды мәселе. Облыста салынып жатқан бу-газ қондырғысының құрылысын тездету керек. Жұмыс созылып кетті. Үкіметке және «Самұрық-Қазынаға» осы мәселені қатаң бақылауға алуды тапсырамын.
Жалпы, аймақта түрлі өндіріс кәсіпорындары ашылып, жүздеген адам біртіндеп жұмыспен қамтылып жатыр. Мұның бәрі де – ел ішінде болып жатқан нақты жұмыстың көрінісі. Мен әрдайым айтып жүремін: аймақтарымыз қуатты болса, мемлекет те мықты болады. Бұл біздің жетістіктеріміздің негізгі формуласы деп айтсақ, артық болмайды. Сондықтан өңірлердің экономикасын нығайтып, халықтың әл-ауқатын жақсарту мемлекеттің басты назарында тұратын стратегиялық мақсат болып қала бермек.
Қазір Қазақстанда түбегейлі өзгерістер кезеңі басталды. Оны баршаңыз жақсы білесіздер. Бәріміз бір ел болып Конституциялық реформаны табысты жүзеге асырдық. Бұл реформаның тарихи мән-мағынасы ерекше. Оның ел дамуына тигізетін ықпалы аса күшті боларына күмән жоқ. Соған байланысты шет елдердің басшылары, саясаткерлер және сарапшылар біздің Конституциялық реформаға аса зор ықыласпен қарап отырды. Олар Қазақстан конституциялық реформаға жаңаша көзқараспен қарап, кең ауқымды өзгерістер жасағанын, еліміз Конституцияның мән-мазмұнын өзгертіп, мүлде жаңа тұрпатты ел болғанын айтып жатыр.
Жалпыхалықтық референдумда азаматтарымыз еліміздің жарқын болашағы үшін, яғни, жас ұрпақтарымыз үшін тарихи таңдауын жасады. Ел қолдауына ие болған нағыз Халық Конституциясы тұғырына қонды.
Конституция – мемлекетіміздің болашағына бағдар болатын, ұлттық мақсат-мұратымызды айқындайтын аса маңызды құжат, темірқазық. Мұны да ақиқат ретінде бүкіл дүние жүзіндегі қауымдастық мойындап жатыр. Референдумға жұртшылық өте белсенді қатысты, бұл да қуанарлық жағдай. Осы сайлау науқаны ырысты ынтымағымызды паш етті. Бұл да өте маңызды үдеріс. Өйткені біз азаматтарымыздың отаншылдық рухын айқын сезіндік.
Түркістан жұртшылығы әрдайым елдік істен сырт қалмай, жүргізіліп жатқан реформаларды жаппай қолдап келеді. Бұл жолы да сіздер ауызбіршіліктің озық үлгісін айқын көрсеттіңіздер. Түркістан референдумда Ата заңды қолдаған ең белсенді облыстардың қатарында тұр. Дауыс берген жұртшылықтың 92,21 пайызы жаңа Конституцияны қолдады. Баршаңызға рақмет! Киелі Түркістанда мемлекетіміздің тағдырына бей-жай қарамаған бүкіл ел азаматтарына шынайы ризашылығымды білдіремін.
Өздеріңізге мәлім, мен осы аптаның басында Қазақстан Республикасының Конституциясына және Бас құжаттың ережелерін іске асыру жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойдым. Енді 1 шілдеден бастап Конституция өз күшіне енеді. Ал Конституция күнін біз бәріміз біртұтас халық болып референдум өткізілген күні, яғни, 15 наурызда жыл сайын мемлекеттік мереке ретінде атап өтеміз, тойлаймыз.
Жалпыхалықтық референдумда жастарымыздың белсенділігі, жаңашылдығы және жауапкершілігі айқын көрінді. Олар Отанына адал, ойы озық, жасампаз азаматтар ретінде өздерінің жарқын келешегіне қатысты таңдауын жасады. Жаңа Конституция, ең алдымен, өскелең ұрпақтың игілігі үшін қабылданды, бұл жастарға арналған құжат десек, қате болмайды. Төрге озған Халық Конституциясы жастарға жөн сілтейді, өмір жолын көрсетеді. Жаңа Ата заң жас ұрпақпен бірге жасай береді.
Қазір Түркістан облысында 700 мыңға жуық жас азамат тұрады. Бұл – тұрғындардың үштен бірі деген сөз. Киелі орданың тарихы қандай терең болса, болашағы да сондай жарқын болады деп сенімді түрде айтуға болады. Осы көп жас азаматтарымыз тұратын жерде тағы да мынадай сөзімді айтқым келеді: мен Президент ретінде еліміздің жастарына, олардың біліміне, қабілетіне, күш-қуатына зор үміт артамын. Елімізге жаны ашитын, яғни, шын мәнінде жанашыр ұрпақ қана Қазақстанның көркеюіне мол үлес қоса алады. Еліміздің келешегі – отаншыл, жасампаз, жауапкершілігі мол жастардың қолында. Бұл да ақиқат десек, орынды болар.
Нағыз отаншыл азамат дегеніміз, бұл – ең алдымен өз жұмысын адал орындап, адал еңбек етіп жатқан адам. Адал еңбекпен келген табыс берекелі болады. Жалқау, еріншек адам ешқашан отаншыл азамат бола алмайды. Қоғамымызға жалаң ұран, бос әңгіме, құрғақ уәде, қызыл сөз керек емес, нақты іс қажет. Отаншылдық дегеніміз – әдемі сөз сөйлеп, жұрт алдында керемет болып көріну емес, бұл – ең алдымен елге пайда әкелу, Отанға деген адалдықты нақты іспен көрсету.
Балабақшада, мектепте, университетте, ғылым институтында, емханада, өндіріс мекемесінде, сауда және қызмет көрсету орындарында, тіпті, мемлекеттік қызмет пен әскери саланың өзін айтпағанда, барлық саладағы басты құндылық – адал еңбек, адал қызмет болуға тиіс. Осы мақсатпен өткен жылды бүкіл ел болып жұмысшы мамандықтарын дәріптеуге, оларға құрмет көрсетуге арнадық. Бұл кезекті науқан емес, мемлекеттік идеологияның бір бөлігі, сондықтан осы жұмыспен үнемі айналысуымыз керек.
Жұмыстың жаманы болмайды. Адал жұмыстан ұялудың ешқандай қажеті жоқ. Еңбектің бәрі қадірлі. Бұл даналықты жастардың бәрі жақсы түсінуі керек. Еңбекқорлық халқымыздың болмысына сіңген қасиет болуға тиіс. Онсыз ешқандай даму да, өркендеу де болмайтыны айдан анық. Ілгерілеу, яғни, прогресс елімізге арнайы шақыру бойынша құрметті қонақ болып келмейді, құнды сыйлық ретінде берілмейді. Ілгерілеуге қол жеткізу үшін бүкіл қоғам бір ұжым болып табанды, үйлесімді жұмыс істеуі керек. Сонымен қатар ілгерілеу, өрлеу дегеніміз – жоғары технологиялар немесе ғылым саласындағы жетістіктер ғана емес, бұл – әрбір саладағы жаппай қажырлы еңбектің нәтижесі.
Түбегейлі жаңғырған Ата заңымыздың преамбуласында айтылғандай, біз Халық Конституциясын келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілігімізді терең сезіне отырып қабылдадық. Бірақ бұл – үлкен жолдың басы ғана. Біз ешқандай кедергі мен қиындыққа қарамай, елімізді өркениет жолына шығаруымыз керек. Халқымыздың тарихи тағдыры –өзіміздің қолымызда.
Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Шындықты айтсақ, Қазақстанның дамуы мен өрлеуі бізден басқа ешкімге керек жоқ. Сондықтан қазіргі ұрпақ Отанымыздың баянды болашағы үшін барлық жағдайды жасауы керек.
Қазақ халқының өткен тарихын қасіретке толы күрделі тарих деп күмәнсіз айтуға болады, оның бәрін жақсы білесіздер. Бірақ қазіргі заманда бұл тақырыпты қайта-қайта айтып, қара бұлтты төндірудің, мұңға батудың қажеті жоқ. Халқымыз тек қана алға қарай зор үмітпен қарап, ілгерілеу заманына сай өз болмысын өзгертіп, бейімдеп өмір сүруі керек.
Мұңды халық ешқашан бақытты, табысты болмайды. Бұл да – өмір заңы және ақиқат.
Жастардың болмысын жоғары технологияларға, техникаға бұру керек. Себебі қазіргі замандағы мемлекет дамуының кілті – техника мен озық технологияда, соның ішінде ең алдымен жасанды интеллектіде. Бәріміз бір ұлт болып, бір ел болып осы ұлы тарихи жорықта міндетті түрде жеңіске жетуіміз қажет. Бұл – біздің ең басты міндетіміз, миссиямыз.
Сонымен еліміздің алдында өте биік және күрделі мақсаттар тұр. Біз табанды еңбектің арқасында оның бәрін орындауымыз керек, бұған ешқандай күмән болмауға тиіс. Көп ұзамай Парламент қарауына Президент, Құрылтай, Халық кеңесі, Астананың мәртебесі және еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы жаңа 5 конституциялық заң ұсынылады. Құрылтай, Халық кеңесі институттары арқылы халық билігінің озық үлгісі қалыптасады.
Біз тарихи тағдырымызда ерекше орын алған Ордабасы құрылтайының 300 жылдығында жаңа Конституциямызға сай Құрылтайды қайта жаңғыртатын болдық. Мұның да символдық мәні бар.
Сонымен қатар 8 конституциялық заңға және 60-тан астам заңға, соның ішінде негізгі кодекстерге түзетулер енгізу қажет болады. Осының бәрі болашағымызға күшті ықпал етері анық. Қазақ елі сан ғасыр бойы бірегей Дала заңымен өмір сүрді. Құқықтық мемлекет құру – айбынды бабаларымыздың қастерлі мақсат-мұраты болғанын тарихтан бәріміз жақсы білеміз. Жаңа Конституция – Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Әз Тәукенің Жеті жарғысының бүгінгі құбылмалы, шиеленістер мен соғыстарға толы жаңа геосаяси жағдайда көрініс тапқан жаңа сипаттағы жалғасы. Себебі біз бас құжатымызды қазіргі мүлде жаңа, тарихи, геосаяси жағдайда қабылдап отырмыз. Сондықтан, бұл – еліміздің жасампаз рухының көрінісі деп айту қажет
Халық Конституциясын Қуатты, Озық, Өркениетті Қазақстанның жаңа Жарғысы деуге толық негіз бар. Ата заңымыздың ең басты мақсаты – еліміздің Тәуелсіздігін, егемендігін, аумақтық тұтастығын қорғау және азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын сақтау. Сонымен қатар Конституцияға сәйкес Заң мен тәртіп қағидатын орнықтыру, адам капиталын нығайту, яғни, білімді, ғылымды, инновацияны дамыту, еңбекқорлықты дәріптеу, сондай-ақ табиғатты қорғау стратегиялық маңызы бар міндет ретінде айқындалды.
Ел тарихында алғаш рет Конституцияда мемлекеттік Ту, Әнұран және Елтаңбамен қатар ұлттық валютамыз мемлекет нышаны ретінде көрініс тауып, бекітілді. Сонымен бірге еріктілердің (волонтерлердің) жанкешті қызметі де конституциялық сипатқа ие болды.
Мен неліктен Заң мен тәртіп қағидатын міндетті түрде іске асыру туралы жиі айтамын? Себебі заңдар мен қоғамдық тәртіп қатаң сақталмаса, елімізде ешқандай реформа ойдағыдай жүзеге аспайды. Өйткені, бұл – өмірдің саяси заңы. Ел ішін тұрақсыздық жайлаған, билік институттары орынсыз, жөнсіз сын мен шабуылға ұшыраған мемлекеттерде ешқандай ілгерілеу болмайды. Осы орайда, мен біздің еліміздегі қоғамдық өмір дұрыс табиғи жолмен, яғни, эволюциялық жолмен даму керектігін, тоқырауға мүлде жол беруге болмайтынын жақсы түсінемін. Сол себепті 2022 жылдың өзінде Конституцияға Президентті жеті жылдық мерзіммен бір рет қана сайлау туралы ереже енгізілді. Президенттің жақын туыстарына мемлекеттік қызметте, сондай-ақ ұлттық компанияларда лауазымды қызмет атқаруға тыйым салынды.
Ал жаңа Ата заңға конституциялық және құқық қорғау органдарының басшыларын бір мерзімге сайлау туралы ереже енгізілді. Біз білетін елдердің конституциясында дәл осындай ережелер жоқ деп айтуға болады. Мен жаңа консультативтік орган ретінде құрылатын Халық кеңесіне үлкен үміт артамын. Бұл құрылым қоғамдық-саяси өмірге қатысты аса өзекті мәселелерді талқылайды, сондай-ақ Құрылтайға заң жобаларын ұсынады, яғни, Халық кеңесі заң шығару бастамасын көтеру құқығына ие болады.
Тағы бір маңызды мәселе туралы айтқым келеді. Сарапшылардың пайымдауынша, жасанды интеллект дәуірінде адамзат санының шешуші фактор ретіндегі рөлі азаяды. Сондықтан мәселе – халықтың санында емес, мәселе – адамдардың білімі мен қабілетінде болмақ. Соған байланысты біз бәріміз және ең алдымен Үкімет білім беру саласына баса мән беруі керек. Озық, дамыған мемлекеттің бәрі көпбағытты саясатты қатаң ұстанатын болды, олардың көбі өздеріне қабілетті, дарынды адамдарды, ғалымдарды, әсіресе, жастарды тартып жатыр, оларға қолайлы жағдай жасауда. Себебі озық елдердің негізгі қозғаушы күші – білімді, ақылды, еңбекқор, ұқыпты адамдар. Бұл – ақиқат. Біз де озық ел боламыз десек, осы саясатты тиімді түрде іске асыруымыз керек. Адам капиталының сапасын мейлінше жетілдіріп, күшейтуіміз қажет. Бұл – жаңа дәуірдегі бәсекеге толы өмірдің заңы, бұрын-соңды болмаған, мүлде жаңа құбылыс. Осы заманауи үрдісті ашық көзқараспен саналы түрде қабылдап, үлкен дайындықпен қарсы алуымыз керек.
Ата заңда Қазақстан Республикасының азаматтары тарихи және мәдени мұраның сақталуына қамқор болуға, тарих пен мәдениет ескерткіштеріне ұқыпты қарауға міндетті деп тайға таңба басқандай жазылды. Бұл тарихи жәдігері мол Түркістан халқы үшін маңызды жаңашылдық деп ойлаймын.
Бірегей болмысы мен төл мәдениетіне табан тіремеген ел дамудың даңғыл жолына түсе алмайды. Біз, елімізде тұрып жатқан біртұтас қазақ халқы, жаңа Ата заңды бағдар етіп ұстап, жұдырықтай жұмылып, мемлекеттілігімізді одан әрі нығайта беруіміз керек.
Осы сәтті пайдаланып, тағы бір маңызды мәселені көтерейін деп отырмын. Мен Ұлттық құрылтайдың отырысының бірінде әйгілі Қожа Ахмет Ясауи туралы айттым. Бұл – бүкіл жер жүзіндегі адамзатқа ортақ ғұлама, оны бәріміз ең алдымен қазақ халқының мақтанышы ретінде қабылдауымыз керек. Қожа Ахмет Ясауиді әлемнің әрбір түкпірінде, әсіресе, ірі мемлекеттерде кең ауқымда дәріптеуіміз қажет, бірақ ең біріншіден Қазақстанның жұртшылығына танымал етуіміз керек. Осы тарихи тұлғаға жоғары сапалы туындыларды және фильмдерді арнауымыз керек. Еліміздің әрбір облысында Қожа Ахмет Ясауидің бірегей зияткерлік мұрасына арналған оқуларды ұйымдастыру қажет. Мен жақын арада мемлекеттік наградалар қатарына Қожа Ахмет Ясауи орденін енгізу жөнінде Жарлыққа қол қоямын. Бұл жоғары марапат белгілі отандық және шетелдік ғалымдарға, мемлекет және қоғам қайраткерлеріне тапсырылады. Бұл орденнің мәртебесі жоғары болуға тиіс.
Құрметті қауым!
Баршаңызға белгілі, соңғы жылдары халықаралық геосаяси ахуал аса күрделі және құбылмалы. Көптеген елдерде қарулы қақтығыстар, тіпті, соғыстар болып жатыр. Бұл үдерістер әлем экономикасына кері әсерін тигізіп отыр. Оны біз Таяу Шығыстағы соғыстан көріп отырмыз. Соғыс әбден шиеленісіп кетті. Меніңше, бұл қақтығыста ақыры еш мемлекет өз пайдасына қол жеткізе алмайды. Қазақстан қақтығыс болып жатқан аймақтың бір бөлігі. Сондықтан осы қастерлі жерден халықаралық қауымдастыққа Үндеу жасағым келеді.
Ең алдымен, азаматтық, экономикалық нысандарға қарулы шабуылдарды тоқтату керек. Содан соң келіссөздерді бастау керек. Қазақстан бұл күрделі ахуалда дәнекер болғысы келмейді, бірақ, өзіміздің жерімізді бейбіт келіссөздер үшін ұсынуға дайынбыз. Меніңше, Түркістанда осындай келіссөздер өткізуге болар еді. Алайда, бұл мәселе қақтығысқа тікелей қатысып отырған мемлекеттерге байланысты. Ең алдымен олар оң шешім қабылдауы керек. Ал менің ұсынысым, бұл – қазақ халқының ізгі ниетінің көрінісі.
Әбден кеш болмай тұрғанда қарулы іс-әрекеттерді доғарып, келіссөздерді бастау қажет сияқты, әйтпесе, әлемдік экономиканың дағдарысқа ұшырауын айтпағанда, көптеген халықтың бейбіт өмірі, тыныштығы бұзылады, дүние жүзіндегі тұрақтылықтың тұғыры шайқалады.
Осы күрделі ахуалға қарамастан, біз барлық сын-қатерді еңсеріп, алға қарай нық сеніммен қадам басып келе жатырмыз. Былтыр экономикамыз 6,5 пайызға өсті. Жалпы ішкі өнім 306 миллиард долларға жетті. Ал оның жан басына шаққандағы үлесі алғаш рет 15 мың доллар болды. Бұл – ТМД елдерінің арасындағы рекордтық көрсеткіш. Алтын-валюта қорымыз 74 миллиард долларға жуықтады. Біз осындай жоғары деңгейге Тәуелсіздік тарихында алғаш рет жетіп отырмыз. Орталық Азия аймағына тартылған таза шетел инвестициясының 69 пайызы Қазақстанға тиесілі. Шағын және орта бизнестің ұлттық экономикадағы үлесі бүгінде – 40 пайыз. Азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 75,9 жасқа жетті. Біз биыл әлемдегі экономикасы аса ірі 50 елдің қатарына қосылдық. Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша жаһандық экономиканың дамуына үлес қосып отырған дүние жүзіндегі 25 мемлекеттің бірі атандық.
Еліміздің ынтымақ-бірлігі мен халқымыздың табанды еңбегінің арқасында орасан зор табысқа қол жеткіздік. Бірақ мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Қазір арқаны кеңге салатын заман емес. Әлемдік және аймақтық бәсеке күшейіп бара жатыр. Біз Қазақстанды шын мәнінде Өркендеген және Озық ел ету үшін ауқымды әрі жүйелі жұмысты қолға алдық.
Қазірдің өзінде бұл жұмыс нақты нәтижесін беріп жатыр. Мысалы, соңғы екі жыл қатарынан өңдеу өнеркәсібінің өсімі 6 пайыздан асты. Үкіметтің дерегіне сәйкес, былтыр елімізде 190 кәсіпорын ашылып, 22 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Өткен жылы ауыл шаруашылығы саласында 250 өндіріс іске қосылды. Ауылдағы шаруаларға жағдай жасау үшін мемлекет бюджетінен 1 триллион теңгеден астам субсидия бөлінді. Мұндай қолдау Тәуелсіздік тарихында бұрын-соңды болмаған. Алайда, біз ауыл шаруашылығының тиімділігін күшейтуіміз керек. Бұл саладағы өндірістің құнын ұлғайту қажет.
Биыл 222 су шаруашылығы нысаны салынып, жаңғыртылып жатыр. Еліміздегі 37 жылу электр станциясы жөнделуде. Сонымен қатар Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жаңа жылу электр станциялары салынатын болады. Биыл 440 қосалқы станция және 17 мың шақырымнан астам электр желісі жаңартылады.
Былтыр 1500 шақырым темір жол салынып, жөндеуден өтті. Бұл да рекордтық көрсеткіш. Биыл 3700 шақырымнан астам жаңа теміржол желісі төселіп, іске қосылады. Ал автокөлік жолдарына келсек, былтыр жалпы ұзындығы 13 мың, соның ішінде жергілікті маңызы бар 3 мың шақырым тас жол жөндеуден өтті. Биыл тағы 2300 шақырымға созылатын жергілікті жолдар жаңғыртылады. Алдағы үш жылдың ішінде 32 мың шақырым жол нормативтік талапқа сай жөнделеді.
Жол – стратегиялық мәні айрықша мәселе, себебі, сапалы жол болса, жұртымыз тұрмыс-тіршілігін жақсартып, кәсібін дамыта алады, бұл белгілі нәрсе. Алайда, біз бұдан да биік мақсаттарға қол жеткізуіміз керек. Жаңа Конституциямыз жаңа жетістіктерге жол ашып, зор табысқа жетуімізге кепіл болары анық. Мен бұған кәміл сенемін.
Қадірлі қауым!
Әз-Наурыз – тазару, жаңару уақыты. Тазалық – мән-мағынасы кең ұғым. Бұл – ең алдымен, ой тазалығы, сана мен ниет тазалығы деген сөз. Осыдан екі жыл бұрын елімізде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы бастау алды. Ауқымды жоба халықтың, әсіресе, жастардың жаппай қолдауына ие болды. Азаматтарымыз тазалықты құр сөзбен емес, нақты ісімен көрсетуде. Ұқыптылық, жинақылық, тиянақтылық қасиеттері ұлтымыздың жаңа сапасына айнала бастады.
Жалпы, «Таза Қазақстан» бастамасы жай ғана кезекті саяси науқан немесе үгіт-насихат емес, бұл – мемлекетіміздің мызғымас идеологиясы. Сондықтан осы игі іспен біз жыл бойы айналысуымыз керек, бұл ұлт болмысының ажырамас бөлігі болуға тиіс. Әсіресе, Ұлыстың ұлы күні тазалық философиясын кеңінен дәріптеу маңызды.
Ұлыстың ұлы күні Жер Ана да, еліміз де жаңарып жатқан осы тарихи сәтте айтылған тілектің мән-мағынасы айрықша деп ойлаймын. Сондықтан ең бастысы елімізге амандық, жерімізге тыныштық тілеймін. Қасиетті Отанымыз – Қазақстан Республикасы мәңгі жасасын! Ата заңымыз өз тұғырынан түспесін! Туымыз биікте желбіресін! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Еліміздің төрт құбыласы түгел болсын!