Көктемнің келуі – табиғаттың оянуы, жаңарудың, гүлденудің символы. Жетісай ауданы үшін бұл дәстүр жыл сайын көшет егумен басталып, табиғатты қоршау, ағаш түбін әктеу – тұрақты үрдіске айналған.
Биыл да наурызнаманың онкүндігі аясында ұйымдастырылған «Жаңару күні» шарасында қала, кент және барлық ауылдық округтердің көшелерінде санитарлық тазалық жұмыстары жүргізіліп, жасыл белдеуді қалыптастыру мақсатында 5 мыңға жуық түрлі ағаш көшеттері отырғызылды. Сонымен қатар, көлік қозғалысына кедергі келтіретін ағаштар бұталды.
Шараға аудан басшысы Серік Мамытов арнайы қатысып, Асықата кентіндегі қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқан «Тәуелсіздік» саябағына көшет екті.
Айта кетейік, өткен жылы аудан тұрғындары жиі баратын демалыс орындары мен скверлерге, парктер мен аллеяларға 27 мың түп туя, сән ағаштары, бөртегүл, шынар, қарағаш, қарағай, каштан мен бадам секілді көшеттер отырғызылса, биылғы жылдың соңына дейін 30 мыңға жуық көшет егіледі деп жоспарланып отыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі