ТҮРКІСТАНДА 500-ДЕН АСТАМ ЖАС ДОМБЫРАШЫ БІР МЕЗЕТТЕ КҮЙ ТАРТТЫ

ТҮРКІСТАНДА 500-ДЕН АСТАМ ЖАС ДОМБЫРАШЫ БІР МЕЗЕТТЕ КҮЙ ТАРТТЫ
 
⚜️Жалпыұлттық Наурызнама онкүндігі аясында Түркістан облысында «Күй күмбірі» атты ауқымды мерекелік іс-шара өтті. Игі бастама Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен және Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылды.
⚜️Облыс орталығындағы «Жібек жолы» саябағында өткен ерекше форматтағы челленджде 300-ден астам жас өнерпаз бір мезетте домбыра тартып, ұлттық өнердің айрықша үлгісін паш етті. Атап айтқанда, оқушылар қазақ күй өнерінің жауһарлары – Құрманғазының «Адай», «Сарыарқа», «Балбырауын» күйлерін орындап, Наурызнама рухымен шабыттанып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
⚜️Шараға Түркістан қаласынан бөлек, Бәйдібек, Отырар аудандары мен Кентау қаласынан келген оқушылар да белсене қатысты. Облыс орталығында 300-ге жуық бала жиналса, қалған 200-ден астам оқушы өз аудандарында бір мезетте күй тартып, челленджді қолдады. Осылайша, өңір көлемінде бір уақытта күй күмбірі әуелеп, ұлттық өнердің кең ауқымда насихатталуына жол ашылды.
⚜️Аталған іс-шараның басты ерекшелігі – жас өнерпаздардың Наурызнама аясында ерекше шабыт алып, күй өнерін бір мезетте орындауы болды. Бұл – ұлт руханиятын жаңғыртып, жас буынның дәстүрге деген құрметін арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Іс-шараға жетекшілік еткен мамандардың айтуынша, мұндай бастамалар жас ұрпақтың шығармашылық әлеуетін дамытуға оң ықпал етеді.
«Бүгінгі «Күй күмбірі» – тек музыкалық шара емес, бұл – ұлттық кодты жаңғыртудың жарқын көрінісі. Балалардың бір мезетте күй орындауы олардың өнерге деген сүйіспеншілігін арттырып қана қоймай, рухани бірлікті нығайтады. Осындай жобалар арқылы біз ұлттық құндылықтарды жас буынның бойына сіңіруді көздейміз», – деді Облыстық қосымша білім беруді дамыту орталығының педагог-ұйымдастырушысы Бексұлтан Қайратұлы
⚜️Айта кетейік, бұл игі бастама жас ұрпақтың ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттырып, қазақтың күй өнерін кеңінен дәріптеуге бағытталған. Наурызнама онкүндігі аясындағы мұндай тағылымды іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Түркістан облысы әкімнің баспасөз қызметі