ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ БЕЛГІЛІ МӘДЕНИЕТ ҚАЙРАТКЕРЛЕРІМЕН КЕЗДЕСІП, ПІКІР АЛМАСТЫ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ БЕЛГІЛІ МӘДЕНИЕТ ҚАЙРАТКЕРЛЕРІМЕН КЕЗДЕСІП, ПІКІР АЛМАСТЫ
 
▪️Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Қанат Айтбаев пен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Светлана Айтбаевамен кездесті. Кездесу барысында өңірдегі өнер мен мәдениетті дамыту мәселелері талқыланды. Облыс әкімі өңірде мәдениет пен өнер саласына тұрақты қолдау көрсетіліп жатқанын жеткізді.
📌– Бүгін өздеріңізбен Амал күні жолығып отырмыз. Жаңа жыл құтты болып, еліміз дами берсін. Димаш бауырымыздың «Көкжиектен асқан үн» халықаралық тележобасы арқылы Түркістанның туристік орындары шетелге таныстырылды. Бұл облысқа келетін туристер санын арттырады деп сенеміз. «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» демекші, өнер, мәдениет саласында сіздердің пікірлеріңіз маңызды. Түркістан – түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы болғандықтан, біз бұл бағытқа да баса мән беріп, қолдау көрсетуді жалғастырамыз, – деді Нұралхан Көшеров.
▪️Қанат Айтбаев Түркістандағы оң өзгерістерді жоғары бағалады.
📌– Түркістан өңірі өнерпаздарға тұрақты қолдау көрсетіп келеді. Осы игі істерге ұйықты болған сіздерге алғысымды айтамын. Қасиетті шаһар жыл сайын жаңарып, түлеп жатыр. Әсіресе қаланың тазалығы таңғалдырмай қоймайды. Тарихи қаланың танымалдылығын арттыру, имиджін қалыптастырып, өнері мен мәдениетін дамыту, туристік әлеуетін көтеруге үлес қосу – әрбіріміздің міндетіміз, – деді ол.
▪️Светлана Айтбаева мәдениетті, балалар шығармашылығын дамыту жөніндегі пікірлерін айтты. Түркістан қалалық музыкалық драма театры жанынан құрылған «Түркістан» ансамблінің әлеуетін жоғары бағалады.
▪️Жүздесу кезінде тараптар Түркістан облысының мәдени әлеуетін көтеру, ұлттық өнерді дәріптеу және жас таланттарды қолдау бағытындағы бастамалар жөнінде пікір алмасты. Сондай-ақ мәдениет саласындағы жобаларды дамыту, шығармашылық ұжымдардың жұмысын қолдау және мәдени іс-шараларды кеңінен ұйымдастыру мәселелері сөз болды.
▪️Облыс әкімі өңірде мәдени инфрақұрылымды дамытуға, тарихи-мәдени мұраны насихаттауға және өнер саласындағы жаңа бастамаларды жүзеге асыруға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі