
AI STARTUP HUB инновациялық офисі – университетте цифрландыру, жасанды интеллект негізіндегі жобаларды әзірлеу, инновациялық кәсіпкерлік экожүйесін дамыту және стартаптарды қолдауға бағытталған орталық. Кеңсе оқу орнының Өкілетті Кеңесі тарапынан қаржыландырылып, жабдықталды.
Салтанатты ашылу рәсіміне Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиев, Түркістан облысы Полиция департаментінің басшысы Арыстанғани Заппаров, Түркістан облысы Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев, ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Аян Акбердиев, Түркістан облысы білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов, университет ректоры Жанар Темірбекова мен ректор өкілі м.а Нажи Генч, басқа да жауапты тұлғалар қатысты.

Айта кетейік, AI-Jan – білім беру ұйымдарындағы буллинг, психологиялық қысым, әлеуметтік оқшаулану, құқықбұзушылық тәуекелдері және суицидтік қауіптерді ерте анықтауға арналған профилактикалық цифрлық платформа. Платформаның басты ерекшелігі – толық анонимді хабарлама қалдыру мүмкіндігі және тәуекелдерді ЖИ арқылы талдау. Бұл тәсіл жасырын тәуекелдерді ерте кезеңде анықтап, алдын алу шараларын дер кезінде ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Ал меморандумның басты мақсаты – осы AI-Jan платформасын Түркістан облысының мектептері мен колледждерінде кезең-кезеңімен енгізуге арналған ведомствоаралық өзара іс-қимыл алгоритмін бекіту, тәуекел сигналдары бойынша жедел әрекет ету тетіктерін айқындау. Сондай-ақ профилактикалық жұмысты жүйелеу.
Жоба жасанды интеллект негізіндегі талдау арқылы тәуекелдерді ерте кезеңде анықтауға, жасырын қауіптерді алдын ала көруге және ведомстволардың өзара әрекетін нақты уақыт режимінде үйлестіруге бағытталған.
Іс-шара барысында АҚШ-тың Silicon Valley экожүйесінде тіркелген «ATARINO» компаниясымен де онлайн форматта ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Компанияның негізін қалаушы, тәжірибелі қазақстандық стартапер Ардақ Құсайынова мен ректор Жанар Темірбекова құжатқа қол қойды.
Бұл келісімнің мақсаты – университеттің стартап экожүйесін халықаралық деңгейге шығару. Сондай-ақ, тәжірибе алмасуға, бірлескен инновациялық жобаларды іске асыруға және отандық стартаптарды халықаралық нарыққа шығару.