ТҮРКІСТАН: САУРАН АУДАНЫНДА КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМАЛАРДЫҢ МАҢЫЗЫ БАЯНДАЛДЫ

ТҮРКІСТАН: САУРАН АУДАНЫНДА КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМАЛАРДЫҢ МАҢЫЗЫ БАЯНДАЛДЫ
 
▪️Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Сауран ауданы тұрғындарымен кездесті. Ескі Иқан ауылдық мәдениет сарайында өткен жиынға аудан тұрғындары, зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйым мүшелері мен жастар қатысты. Кездесуді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев жүргізді.
▪️Жиын барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан саяси реформалардың маңызы мен ел дамуының жаңа кезеңі туралы айтылды. Әсіресе, конституциялық өзгерістердің мәні, оның мемлекет тұрақтылығын нығайтудағы және азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудағы рөлі кеңінен түсіндірілді.
▪️Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев өз сөзінде елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың басты мақсаты – мемлекеттілікті нығайту, тәуелсіздікті күшейту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру екенін атап өтті. Сондай-ақ жаңа конституциялық бастамалар билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті жетілдіріп, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға жаңа мүмкіндік беретінін жеткізді.
▪️Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Баймахан Сүлейменов, «AMANAT» партиясы Сауран аудандық филиалының төрағасы Сағынбек Асылбеков, белсенді жас Естай Аман және Сауран аудандық Өзбек этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Құрманбай Рысбеков сөз сөйлеп, елдегі саяси реформалардың маңыздылығы жөнінде пікірлерін білдірді.
▪️Шара аясында аудан өнерпаздары өнер көрсетіп, «Алқоңыр» ансамблі «Көңілашар» күйін орындады. Ашық пікір алмасу форматында өткен шара барысында қатысушылар реформалардың мәні мен қоғам дамуына ықпалы жөнінде ойларымен бөлісті. Мұндай кездесулер азаматтардың құқықтық мәдениетін арттырып, ел дамуына бағытталған бастамаларды кеңінен түсіндіруге мүмкіндік береді. Жиын соңында қатысушылар жаңа конституциялық өзгерістер елдің тұрақты дамуына негіз болатынын атап өтіп, мемлекет жүргізіп отырған реформаларға қолдау білдірді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі