
– Өздеріңізге мәлім, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, 15 наурызда жаңа Конституцияға арналған республикалық референдум өтеді. Бұл – Егемен еліміздің болашағы жолында жасалып жатқан маңызды қадам. Конституциялық реформа – еліміздің саяси жаңғыруына, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын күшейтуге, қоғам мен мемлекет арасындағы өзара сенімді нығайтуға бағытталған. Бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іс жүзіндегі жарқын көрінісі. Жаңа Конституциялық модель арқылы біз Әділетті Қазақстанның іргетасын қалаймыз. Жаңа заңда адам құндылығы артып, «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидаты басты орынға шығады. Әлеуметтік жауапкершілік күшейіп, мемлекеттің халық алдындағы міндеттері кеңейеді, теңсіздікті азайту тетіктері бекітіледі. Білім, ғылым және инновация елдігіміздің басты идеологиясы ретінде айқындалады. Тәртіп пен әділдік, яғни заң үстемдігі мен табиғатқа ұқыпты қарау алғаш рет конституциялық деңгейде бекітілмек. Әділетті конституция – қуатты мемлекетіміздің берік діңгегі. Сондықтан баршаңызды 15 наурыз күні өтетін референдумға белсене қатысуға шақырамын. Бұл – еліміздің тағдырын айқындайтын, әрбір азаматтың болашаққа тікелей үлес қосуына жол ашатын тарихи мүмкіндік, – деді Нұралхан Көшеров.