
– Сіздерді көктемнің ең аяулы, шуақты мерекесі 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Жер бетіне көктемнің келгенін білдіретін бұл мерекенің орны бөлек. Сұлулық, жылылық сияқты қастерлі сөздер Ана деген аяулы ұғыммен астасып жатыр. Әр шаңырақтағы шаттық пен берекеде сіздердің маңдай терлеріңіз бен мейірімге толы алақандарыңыз бар. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай, салт-дәстүріміз бен ана тіліміздің бүгінге жетуі – ең алдымен, аналардың еңбегі. Қазіргі қазақстандық әйел – отбасының берекесі ғана емес, қоғамның қозғаушы күші. Түркістан облысы – еліміздегі демографиялық өсімнің алтын діңгегі, береке мен бірліктің бастауы. Облысымызда әйелдер қауымы барлық салада белсенділік танытуда. Облыс көлеміндегі 214 мыңнан астам кәсіпкердің 88 мыңы – қыз-келіншектер. Яғни, шағын және орта кәсіпкерліктің 41%-ында іскер ханымдар басшылық жасауда. Түркістан – халық саны жағынан да, көпбалалы аналар саны жағынан да ел бойынша алдыңғы орында. 2025 жылы өңірде 45 мыңнан астам сәби дүние есігін ашты. Өңірде 191 мыңнан астам көпбалалы ана бар. 18 мыңнан аса «Алтын алқа», 45 мыңнан аса «Күміс алқа» иелері – мақтанышымыз. Біз үшін әрбір ананың амандығы, әрбір қыз-келіншектің бақыты – аса қымбат. Сіздерді шуақты мерекемен құттықтай отырып, ұзақ өмір, зор денсаулық тілеймін! Отбасыларыңыз аман, әр күндеріңіз шуақты болсын! – деді Нұралхан Көшеров.