
Облыс бойынша түгендеуден өтуі қажет 69 119 азаматтың 33 028-і немесе 47,8 пайызы рәсімделген. Арыс қаласы мен Төлеби, Ордабасы, Отырар аудандарында бұл көрсеткіш төмен деңгейде қалып отыр. Соңғы айда Арыс қаласында – 195, Ордабасы ауданында – 188, Созақ ауданында 54 азамат түгендеуден өткен. Облыс әкімі аталған кемшіліктерді жедел жоюды тапсырды.
«Отбасы банктің» Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Дәурен Мырзатаевтың айтуынша, 2025 жылдың 24 мамырынан бастап тұрғын үй кезегін үйлестіру, тіркеу жұмыстары банк құзіретіне берілген. Тұрғын үйге мұқтаж азаматтар orken.otbasybank порталы арқылы онлайн форматта есепке қойылып, арендалық және кредиттік үйлер бойынша өтініш береді. Банк тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың цифрлық портретін қалыптастырады және олардың әлеуметтік санатына, отбасы табысына қарай тұрғын үй мәселесін шешу құралдарын ұсынады. Тұрғын үйге мұқтаж жан ретінде есепке тұру үшін соңғы 5 жыл ішінде меншік құқығында тұрғын үйі жоқ, кәмелеттік жасқа толған қазақстандықтар өтініш бере алады. Бірінші кезекте жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, көпбалалы отбасыларға, мүгедек балалары бар отбасыларға және өзге де санаттарға басымдық беріледі.

Облыстағы кезек реттілігіне келсек, көпбалалы отбасылар (31 830 азамат немесе 28%) және І, ІІ топ мүгедектігі бар адамдардың (8 030 азамат немесе 7,1%) үлесі жоғары. Сонымен қатар жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар – 1 990, мүгедек балалары бар отбасылар – 3 139, жеңілдіктер бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілгендер – 45, жесірлер – 390, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері – 61.