
– Сіздерді киелі Түркістан төрінде көріп отырғаныма қуаныштымын. Бүгінгі «Қаржылық қауіпсіздік: цифрландыру және жасанды интеллект дәуірінде» форумына қош келдіңіздер! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биыл Қаржылық мониторинг агенттігінде өткен жиында «Цифрлық технология мен жасанды интеллект дәуірінде жұмысқа түбегейлі жаңа көзқараспен қарау міндеті тұр» деді. Экономиканың барлық салаларын цифрландыру – мемлекеттік басқару сапасын арттыруға, процестердің ашықтығын қамтамасыз етуге және бюджет қаражатын тиімді жұмсауға толық мүмкіндік беретін маңызды қадам. Өздеріңіз білетіндей, биылғы 15 наурызда маңызды саяси оқиға – жалпыхалықтық референдум өтеді. Жаңадан әзірленген Ата заңымыздың жобасында алғаш рет цифрландыру мәселелері мен азаматтардың цифрлық құқықтарын қорғауға ерекше басымдық берілген. Конституциямызға «цифрлық егемендік» және «жеке деректерді қорғаудың жаңа кепілдіктері» туралы нормалардың енгізілуі – заман талабы. Сондықтан бүгінгі форум осы тарихи реформалардың іс жүзіндегі көрінісі. Біз жасанды интеллект экономика мен күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналған жаңа дәуірге қадам бастық. Цифрландыру қаржылық қызметтерді қолжетімді әрі ыңғайлы еткенімен, жасанды интеллектіні белсенді қолдану арқылы киберқылмыстың жаңа түрлері пайда болуда. Жасанды интеллектінің мүмкіндігін толығымен пайдалану арқылы мемлекет қаржысын жымқыруды болдырмауды және бюджет қаржысын үнемдеуді қамтамасыз етуіміз қажет. Форум аясында өтіп жатқан IT-стартаптар байқауына қатысушыларға ерекше тоқталғым келеді. Сіздер алдағы уақытта IT саласында жаңалықтар ашып, елімізді дамытуға үлес қосады деп сенемін. Осы алаңда туындаған жаңа идеялар мен шешімдер отандық цифрлық қауіпсіздік стратегиясына өз үлесін қоса берсін, – деді Нұралхан Көшеров.

Blockchain технологияларын дамыту мәселесі де назардан тыс қалмады.
Сонымен бірге цифрлық трансформация, жасанды интеллектіні қаржылық мониторинг және құқық қорғау жүйелеріне енгізу, деректерді тиімді пайдалану, сондай-ақ киберқылмыстың алдын алу мәселелері жан-жақты талқыланды. Іс-шара мемлекеттік органдар, сарапшылар және ІТ-сала өкілдері арасындағы ашық диалог алаңына айналып, қаржылық қауіпсіздікті нығайту жолындағы өзекті бастамаларды пысықтауға мүмкіндік берді.