ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНАН БИЫЛ 6 МЫҢҒА ЖУЫҚ АЗАМАТ ӘСКЕР ҚАТАРЫНА ШАҚЫРЫЛМАҚ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНАН БИЫЛ 6 МЫҢҒА ЖУЫҚ АЗАМАТ ӘСКЕР ҚАТАРЫНА ШАҚЫРЫЛМАҚ
▪️Түркістан облысына Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары генерал-майор Сәкен Жүсіпов іссапармен келіп, шақыру комиссиясының мүшелерімен кеңес өткізді. Кеңеске Қорғаныс істері жөніндегі департамент, Полиция департаменті басшылары, денсаулық сақтау, білім беру, қоғамдық даму, жұмылдыру басқармаларының өкілдері, сондай-ақ аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары бейне байланыс арқылы қатысты.
▪️Жиын барысында 2026 жылғы көктемгі шақыру науқанын өткізу алдында көктемгі шақыру науқанын ұйымдастыру және өткізу кезінде шақыру пункттерінде бірыңғай тәсілдер мен талаптарды әзірлеу, шақыру комиссияларының жұмысын ұйымдастыру мәселелері қаралды. Сонымен қатар өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары, әскерге шақыру жұмысы кезіндегі мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын жетілдіру бағыттары жан-жақты талқыланды. Мерзімді әскери қызметті ұйымдастыру жұмыстарын оңтайландыру және сапалы жүзеге асыру аясында бірқатар өзекті мәселелер көтеріліп, нақты ұсыныстар айтылды. Жастармен тәрбиелік жұмысты мектеп қабырғасынан бастап жүйелі жүргізу қажеттігі ерекше атап өтілді.
▪️Сонымен қатар генерал-майор облыстық жинау пунктінің материалдық-техникалық жарақтандырылуы мен қамтамасыз етілу деңгейін және көктемгі шақыру науқанына дайындығын тексерді. ҚР Президентінің 2026 жылғы мерзімді әскери қызметке кезекті шақыру туралы жыл сайынғы Жарлығын орындауда барлық мемлекеттік органдарды өзара тығыз іс-қимыл мен бірлескен жауапкершілікке шақырды.
▪️Кеңес отырысында генерал-майор Сәкен Жүсіпов 2025 жылы азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру жоспарын сапалы әрі толық орындаған Отырар ауданы әкімінің орынбасары Айдос Құлмахановқа алғыс білдіріп, марапаттады.
▪️Айта кетейік, 2025 жылы Түркістан облысы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері мен өзге де әскерлер және әскери құралымдарды жасақтау жоспарын толық орындап, олардың қатарын 5 мыңға жуық жас сарбазбен толықтырды. Ал 2026 жылы шамамен 6 мың азаматты әскер қатарына шақыру жоспарланып отыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі