
Бірінші кезеңде 30 гектар жер игеріліп, толық инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілді. Аумақта үш қатардан тұратын 40 өндірістік ғимарат салынды. Жалпы құрылыс алаңы 73 мың шаршы метрді құрайды. Қазіргі таңда 40 нысанның 37-сі іске қосылып, өндіріс жұмысын бастап кетті. Олардың қатарында жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін өндіру, ауыл шаруашылығы тракторларын құрастыру, сэндвич-панельдер шығару, мектепке, медициналық және кеңсе мекемелеріне арналған жиһаз өндірісі, тоңазытқыш шығару, ішкі есіктер жасау, дрондар мен бейнебақылау камераларын өндіру секілді заманауи жобалар бар.
Бірінші кезеңді қаржыландыруға жалпы 17,4 млрд теңге бағытталды. Оның ішінде Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация тарапынан 12,4 млрд теңге, ал Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы 5,0 млрд теңге несие қаражаты бөлінді. Бұл өндірістер ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, импортты алмастыруға және экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
Түркістан облысындағы өндірістік парктер құрылысы инвестиция тарту, жаңа өндірістер ашу және мыңдаған тұрақты жұмыс орындарын құру арқылы өңірдің экономикалық серпінін арттыратын стратегиялық жобаға айналып отыр. Жоба республикалық деңгейде қолдау тауып, өзге өңірлерге тиімді тәжірибе ретінде ұсынылуда.