ТҮРКІСТАН: МАҚТААРАЛ АУДАНЫ БИЫЛ 100 ПАЙЫЗ ГАЗБЕН ҚАМТЫЛАДЫ

ТҮРКІСТАН: МАҚТААРАЛ АУДАНЫ БИЫЛ 100 ПАЙЫЗ ГАЗБЕН ҚАМТЫЛАДЫ
📍Мақтаарал ауданында «Дарбаза-Мақтаарал» жаңа теміржол желісінің құрылысы жүруде. Ұзындығы 152 шақырымдық темір жол құрылысының жалпы құны - 286 млрд теңге. Нысан 2026 жылдың соңында аяқталады. Бұл транзит жол арқылы жылына қосымша 10‑14 миллион тонна жүкті өткізу көзделуде. Ал, болашақта бұл көрсеткіш 20‑25 миллион тоннаға дейін артпақ. Бұл жайында Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.
«Өңірдегі өнеркәсіп өнімінің көлемі былтыр 24,6 млрд теңгені құрады. Аудан аумағында орналасқан индустриалды аймақта 5 жоба іске асырылып, жалпы 5,16 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылды. Атап айтқанда, «ZHANASSYL» ЖШС-ң мақта өңдеу зауыты, жылдық қуаттылығы - 65 мың тонна мақта талшығын өңдеуге қауқарлы. Жалпы құны - 2,5 млрд теңге, ашылған жұмыс орны - 150 адам. «Серік бизнес құрылыс» ЖШС-ң асфальт-темірбетон өңдеу зауыты. Кәсіпорында 30 адам жұмыспен қамтылған. «BEGASH» ЖШС-ң пластикалық құбыр шығару зауыты 2026 жылдың соңында ашылады. Сонымен қатар, Жамбыл ауылдық округінде 100 гектар аумақта арнайы экономикалық аймақ құрылды. Оның 50 гектары - Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы «Орталық Азия» халықаралық өндірістік кооперация орталығына берілген. Қалған аумақта жалпы құны 185,1 млрд теңгені құрайтын 7 өндірістік жобаны іске асыру жоспарлануда. Нәтижесінде 1 200 жаңа жұмыс ашылады деп күтілуде. Өндіріс орындарын 2029 жылға дейін кезең-кезеңімен іске асыру көзделіп отыр» - деді аудан басшысы.
▪️Сонымен қатар, былтыр ауданда ауыл шаруашылығы саласында 85,7 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 6,3%ға жеткен. Ауданда 68 елді мекеннің бүгінгі күнде 58 ауылы 24 сағат, ал қалған 10 елді мекенге кестемен ауыз су берілуде. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында аудандағы барлық елді мекен көгілдір отынмен қамтылады. Сонымен қатар, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында өңірде былтыр 7 ауылда 24 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қазіргі таңда аудандағы қанағаттанарлық жолдардың үлесі 89,6%-ды құрайды. 2026 жылы жалпы ұзындығы 45,2 шақырымдық 61 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жоспарлануда. Бұден өзге, өткен жылы ауданда пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 37 122 шаршы метр. Биыл бұл көрсеткішті 37 530 шаршы метрден асыру жоспарлануда.