
– Бүгін Сіздермен қарт Қаратаудың баурайындағы Созақ ауданында тарихи сәтте жолығып тұрмыз. Тарихи дейтін себебіміз – Шолаққорған ауылында табиғи газбен жабдықтау желілері іске қосылып, осындағы елдің арманы орындалып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 10 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында халықтың өмір сүру сапасын арттырып, ауылдық елді мекендерді әлеуметтік-инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Бұл бағытта Түркістан облысында ауқымды жұмыс атқарылып келеді. Газбен қамту бойынша 2025 жылы облысымызда 87 нысанның құрылысы қолға алынды. Соның ішінде 45 жобаның құрылысы аяқталып, 70 мың халқы бар 41 елді табиғи газбен қамтылды. Өткен жыл қорытындысымен 606 елді мекен газбен қамтылып, 1,9 миллионнан астам тұрғын «көгілдір отынның» игілігін көрді. Бүгін іске қосылған жоба – сол жұмыстардың нақты нәтижесі. Созақтағы АГТС-ы бар магистральды газ құбырының маңызы айрықша. Себебі бұған дейін облысымыздың барлық аудан, қаласы газбен қамтылса, тек Созақта ғана бұл мәселе шешілмеген еді. Мінеки, игілікті іс осында да жалғасты. Енді Созақ тұрғындары да газдың игілігін көріп, тұрмыс сапасын жақсартады. Сонымен бірге экологияны жақсартуға, инвестиция тартып, кәсіпкерлікті дамытуға жол ашылады, – деді Нұралхан Көшеров.