
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында жаңа инвестициялық кезеңді бастау жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында біз экономиканы әртараптандыруға, азаматтардың табысын арттыруға, шағын және орта бизнесті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашуға баса назар аударып отырмыз. Бүгінде Түркістан облысы инвестиция тарту бойынша еліміздің жетекші өңірлерінің бірі саналады. Инвесторлардың құқықтары мен қауіпсіздігі менің жеке бақылауымда. Әрбір инвестициялық жоба әкімдік тарапынан сүйемелденіп, инвесторларға «бір терезе» қағидаты негізінде жедел қызмет көрсетілуде. Нәтижесінде 2025 жылы өңір экономикасына 1,7 трлн теңге инвестиция тартылып, өсім 121,6 пайызды құрады. Оның ішінде 1,4 трлн теңге – жеке инвестициялар үлесінде. 2025 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 1,4 млрд АҚШ долларын құрап, жоспар үш есеге артық орындалды. Экономиканы әртараптандыру мақсатында өткен жылы 340 млрд теңгеге 58 инвестициялық жоба іске қосылып, 8 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. 2026 жылы 444 млрд теңгеге 66 жобаны іске асыру арқылы 7 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Біздің міндетіміз – қауіпсіз әрі ашық инвестициялық ортаны қалыптастыру. Түркістан облысының әкімдігі бизнес-қауымдастықпен ашық диалог орнатуға әрқашан дайын. Күні кеше Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев конституциялық реформа бойынша референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл еліміздің саяси дамуының жаңа кезеңіне өтетін тарихи сәт болмақ. Ел тағдырына қатысты маңызды шешімдерді халықтың тікелей дауыс беруіне ұсыну – демократияның шынайы әрі мызғымас қағидаты. Бұл реформа ел тарапынан ерекше қолдау тауып отыр, – деді өз сөзінде Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшерев