ТҮРКІСТАН: ОТЫРАРДА ҚАЖЫМҰҚАН МҰҢАЙТПАСОВТЫҢ 155 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ТУРНИР ӨТТІ

ТҮРКІСТАН: ОТЫРАРДА ҚАЖЫМҰҚАН МҰҢАЙТПАСОВТЫҢ 155 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ТУРНИР ӨТТІ
Түркістан облысы Отырар ауданында қазақтың атақты балуаны, күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасовтың туғанына 155 жыл толуына орай қазақ күресінен мектеп жасындағы ұлдар мен қыздар арасында облыстық ашық турнир өтті. Турнирге Астана мен Шымкент қалалары, сондай-ақ Қызылорда, Алматы, Жетісу облыстарынан келген барлығы 750 спортшы қатысты.
Байрақты бәсекенің ашылу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов пен спорт саласының ардагері Төрәділ Тұрабаев қатысып, жас балуандарға сәттілік тіледі. Олар Қажымұқандай алып тұлғаның спорттағы ерлігі мен рухани мұрасына тоқталып, ұлттық спортты дамыту жас ұрпақты отансүйгіштікке, батылдық пен төзімділікке тәрбиелеудің маңызды құралы екенін атап өтті.
Облыстық турнир екі күнге созылып, қазақ күресінің мәртебесін арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау және жас спортшылардың тәжірибе алмасуына мүмкіндік берді. Жарыс қорытындысы бойынша Отырар ауданы бірінші және екінші орындарды жеңіп алса, Кентау қаласы үшінші орынға ие болды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Қажымұқан Мұңайтпасовтың асқақ рухына арналған бұл дода ұлттық спорттың дамуына тың серпін беріп, жас балуандарға үлкен мотивация сыйлады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі