
Мәжіліс барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы кезеңге арналған негізгі басым бағыттарға арнайы тоқталды. Президент Конституциялық реформаны жүйелі түрде іске асыру, экономиканы әртараптандыру және орнықты өсімді қамтамасыз ету, адами капиталды дамыту, еңбек өнімділігін арттыру және инфляция деңгейін тұрақтандыру мәселелерінің маңыздылығын атап өтті. Сонымен бірге жасанды интеллект мүмкіндіктерін толық әрі тиімді пайдалану, Салық кодексінің сапалы әрі түсінікті енгізілуін қамтамасыз ету, өңірлерде бюджеттік жоспарлаудың тиімділігін арттыру, сондай-ақ аймақтардың инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымын жаңғырту қажеттігін айтты.

Президент өз сөзінде цифрлық мемлекет құру, әлеуметтік саланы кешенді цифрландыру, Ұлттық құрылтай отырыстарында берілген тапсырмаларды уақтылы орындау, білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы жұмысты жандандыру, ақпараттық жүйелерді жетілдіру, энергия тапшылығын жою және арнайы экономикалық аймақтардың жұмыс тиімділігін арттыру міндеттерін де белгіледі.

Мемлекет басшысы ерекше назар аударған салалар және былтырғы Үкімет отырысындағы міндеттер бойынша Түркістан облысында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді.
Энергия тапшылығын жою және көліктік инфрақұрылымды дамыту саласында Президенттің тікелей қолдауымен өңір үшін стратегиялық маңызы бар бірқатар ірі жобалар іске асырылуда. Қуаттылығы 1 000 мегаваттық бу-газ қондырғысы салынуда (800 млрд. тг). Қытайлық «China Energy» компаниясымен бірлесе қуаттылығы 300 мегаваттық күн электр станциясының құрылысы басталды (160 млрд.тг). Сонымен қатар 240 мегаваттық газ-турбиналы электр станциясының құрылысы биыл қолға алынды. Фосфорит, күкірт қышқылы және аффинаж зауыттарын салу жобалары іске асырылып жатыр. «Дарбаза-Мақтаарал» теміржол құрылысы қарқынды жүруде. Жол инфрақұрылымы бойынша 821 шақырым жол жөнделіп, жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 94,8 пайызға жетті. 5 теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмысы басталды. Олар: Түлкібас, Арыс-2, Сарыағаш, Манкент және Темір станциялары. Қоғамдық көлік паркін жаңарту аясында, облыс орталығына қосымша 76 жаңа автобус, оның ішінде 14 электробус жеткізілді. Былтыр облыстың барлық елді мекендері 100 пайыз ауыз су жүйесімен қамтамасыз етілді. Газбен қамту деңгейі 88,9 пайызға жеткізілді.

Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту шеңберінде 95 жаңа әлеуметтік нысан пайдалануға берілді (білім – 38, денсаулық сақтау – 34, мәдениет – 6, спорт – 17). Сонымен қатар ескек есу каналы және қолөнершілер орталығы секілді маңызы бар нысандар іске қосылды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жоспарланған 29 мектеп толық іске қосылды. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 34 нысан салынды. 2024 жылы 49 нысан берілген болатын. Ордабасы ауданында перинатальдық және Түркістан қаласында демеуші есебінен «Ана мен бала» орталықтарының құрылысы басталды. Сарыағашта көпбейінді аурухананың құрылысы қолға алынды. Медицина ұйымдары 60 жаңа жедел жәрдем көлігімен қамтылды. Өңірде инфрақұрылымды жетілдіру, энергия көздерін дамыту, адами капиталды дамытып, бәсекеге қабілетті орта қалыптастыру бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасады.