ПРЕЗИДЕНТ АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҚТАРДЫҢ ӘЛЕУЕТІН ПАЙДАЛАНУ БОЙЫНША ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ТӘЖІРИБЕСІН ОҢ БАҒАЛАДЫ

ПРЕЗИДЕНТ АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҚТАРДЫҢ ӘЛЕУЕТІН ПАЙДАЛАНУ БОЙЫНША ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ТӘЖІРИБЕСІН ОҢ БАҒАЛАДЫ
▪️Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы экономикалық аймақтардың әлеуетін толық пайдалану мәселесіне тағы да тоқталды. Инвестиция тарту жұмысын жаңа деңгейге көтеруді тапсырды. Сонымен бірге Түркістан облысы мен Астана қаласындағы осы бағыттағы жұмыстарды үлгі ретінде атап өтті.
«Мен Жолдауда арнайы экономикалық аймақтардың әлеуетін толық пайдалану қажеттігі туралы айттым. Арнайы экономикалық аймақтардың қазіргі жұмыс тәсілі мүлде жарамсыз деуге болады. Олар инвестиция тартатын алаң болуға тиіс. Жаңа нормалар, құралдар, сервистік шешімдер сол жерде сынақтан өтіп, одан әрі кең таралуы қажет. Арнайы экономикалық аймақтардың қазіргі инфрақұрылымын дамытуға үш жыл ішінде бір триллион теңге займ қаражатын жұмсау ұсынылып отыр. Алдымен олардың даму моделін қайта құру керек деп санаймын. Онсыз мұндай ауқымды инвестиция жүйедегі қордаланған мәселелерді шеше алмайды. Түптеп келгенде, егер нақты нәтижеге жетемін деген ниет болса, бұл мәселені Түркістан облысының бұрынғы әкімі Дархан Сатыбалды сияқты қолда бар қаржымен де шешуге болады. Астанада да жақсы тәжірибе бар. Үкімет үш айдың ішінде арнайы экономикалық аймақтарды дамытудың жаңа үлгісін бекітуі керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
▪️Түркістан облысында инвесторларға қолайлы жағдай жасау, дайын инфрақұрылым ұсыну және жобаларды толық сүйемелдеу жұмыстары жолға қойылған. Терең өңдеу саласын дамыту үшін салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылған, 4397 гектарды құрайтын «Turan» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істеп тұр. Сонымен бірге дайын инфрақұрылымы бар 21 индустриалды аймақ бар. Кәсіпкерлерге арналған шағын өнеркәсіптік парктерде өндірістік ғимараттарды жеңілдетілген шарттармен жалға алу немесе сатып алу мүмкіндігі қарастырылған. Одан бөлек, қазір облыстың барлық аудан-қалаларында шағын өнеркәсіптік парктер салынып жатыр. Жалпы 258 өндірістік ғимараттың құрылысы жүргізілуде. Оның 45-і пайдалануға беріліп, 32 жоба іске қосылды.
▪️Президент инвестиция тарту, осы бағыттағы кедергілерді азайтып, жедел әрі сапалы жұмыс атқару маңызды екенін атап өтті. Бұл ретте Түркістан облысында қолайлы инвестициялық климат қалыптасып, отандық және шетелдік инвестицияларды тарту бойынша жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. 2025 жылы негізгі өңірде капиталға салынған инвестиция көлемі
1 трлн 746 млрд теңгеге жетіп, жоспар 121,6% орындалды.
▪️Шетелдік инвестиция бойынша да көрсеткіш жоғары: жоспарланған 475 млн доллардың орнына 1,4 млрд АҚШ доллары тартылды. 2025 жылы 340 млрд теңгеге 58 жоба іске қосылып, 8 340 жұмыс орны ашылды. Ал 2026-2029 жылдарға арналған 2,8 трлн теңгені құрайтын 111 жоба жоспарланған. Нәтижесінде 20 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ. Биылдың өзінде 444 млрд теңгеге 66 жобаны іске асырып, 7 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құру көзделіп отыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі