
Су үнемдеу технологияларының қолжетімділігін арттыру мақсатында облыста жалпы қуаттылығы 163 мың гектар алқапты қамтитын 4 кәсіпорын іске қосылды. Оның ішінде 90 мың гектарға арналған жаңбырлатып, 73 мың гектарға арналған тамшылатып суару жүйелері өндіріледі. Биыл жылдық қуаттылығы 30 мың гектарды құрайтын тағы 2 кәсіпорын іске қосылады. Бұл өндіріс орындары тек өңірдің ғана емес, көршілес аймақтардың да қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Су үнемдеу технологияларын енгізу мәселесі облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауында. Осы орайда ылғал сүйгіш дақылдардың тиімділігін арттыруға басымдық беріліп, мақта мен күрішті жаңа технологиялармен егу ауқымы кеңейтілуде. 2026 жылға қарай мақта дақылын қарапайым әдіспен 82,8 мың гектарға, ал жаңа технологиямен 79,6 мың гектарға егу жоспарланып отыр.

Су үнемдеу технологияларының тиімділігі мақта шаруашылығында да айқын көрініс табуда. 2025 жылы жаңа технологиямен егілген мақта алқаптары 52,2 мың гектарға ұлғайып, қарапайым әдіспен егілген алқаптар 92,3 мың гектарға дейін қысқарды. Нәтижесінде мақта өнімділігі гектарына 60 центнерге дейін жетіп, 89,3 млн текше метр су үнемделді.
Түркістан облысының агроөнеркәсіптік кешені республикада маңызды орынға ие. Елдегі жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің 13 пайызы өңірге тиесілі. Жыл сайын облыста 1 триллион теңгеден астам ауыл шаруашылығы өнімі өндіріледі. Сонымен қатар еліміздегі суармалы жерлердің төрттен бірі – 575 мың гектар Түркістан облысының үлесінде.