
– Жуырда Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев балалар мен жастарды қолдау мәселесіне тағы да тоқталды. «Біз өскелең ұрпаққа әрдайым жан-жақты қолдау көрсетеміз. Олардың ұлттық құндылықтармен қатар жаңа заманның жақсы қасиеттерін бойына сіңіруіне барынша жағдай жасаймыз» деді Мемлекет басшысы. Бұл – біз үшін бағыт-бағдар ғана емес үлкен жауапкершілік. Біздің өңірде 900 мыңнан астам бала өсіп келеді. Әрқайсысы – бір отбасының үміті, бір елдің келешегі. Сондықтан баланы қорғау ата-ана, мектеп, медицина, полиция, прокуратура, қоғам болып жұмылатын ортақ міндет болуға тиіс. Сондықтан біз нақты қадамдарға көштік. Өңірде психологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жүйелі инфрақұрылым қалыптаса бастады. Психологиялық қолдау орталығы ашылды, барлық білім беру ұйымдарына «111-QR қызметі» енгізілді. Педагог-психологтардың кәсіби әлеуетін көтеруді басымдыққа айналдырдық: 2024-2025 жылдары 2000-нан астам маман біліктілік арттырды. Баланың ең жақын әлемі – отбасы. Ата-аналар баласының психологиялық күйіне, өмір қауіпсіздігіне, мінез-құлқындағы өзгерістерге бейжай қарамауға тиіс. Бұл бағытта ведомствоаралық жұмысты жандандыруымыз қажет. Баланың толыққанды даму үшін спорттық, шығармашылық, мәдени үйірмелердің қолжетімділігін арттыра түсеміз. Бүгін ортаға салынған ұсыныстар нақты іске айналып, әр баланың өмірінде оң өзгеріс әкелуге тиіс. Балаларымыз өздерін қауіпсіз сезінетін, еркін дамитын орта қалыптастыру – баршамыздың ортақ парызымыз, – деді Нұралхан Көшеров.