Түркістан облысында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында жұмыстар жалғасуда. Қыс мезгілінде автомобиль жолдарын қалыпты жағдайда ұстау, қарды уақтылы тазалау және жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары тұрақты жүргізіліп жатыр.
Ордабасы ауданына қарасты Темірлан елді мекенінің көшелерінде қыс мезгіліндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қар мен мұздан тазарту жұмыстары ұйымдастырылып, жоспарға сәйкес жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Аталған жұмыстарға жауапты мекемелер мен коммуналдық қызмет өкілдері жұмылдырылып, елді мекеннің орталық көшелері, жаяу жүргіншілер жолдары және қоғамдық орындары қамтылды. Нәтижесінде жалпы ұзындығы 21,5 шақырымды құрайтын автомобиль жолдары мен аяқжолдар қардан тазартылды. Тазалау жұмыстарына 12 арнайы техника тартылып, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және тұрғындардың еркін жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасауға баса назар аударылды.
Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, тазалық және қар тазалау жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес тұрақты түрде жүргізіліп, жағдай қатаң бақылауда болады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі