ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЕЛІМІЗДЕГІ ЕҢ ІРІ ӨНЕРКӘСІПТІК ЖЫЛЫЖАЙ КЕШЕНІ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЕЛІМІЗДЕГІ ЕҢ ІРІ ӨНЕРКӘСІПТІК ЖЫЛЫЖАЙ КЕШЕНІ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ
▪️Түркістан облысы Келес ауданы Ақтөбе ауыл округіндегі 51 гектар аумақта жылыжай кешенінің құрылысы жүргізілуде. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Ecoculture-Eurasia» ЖШС құрылтайшысы Алмас Дауытовты қабылдады. Кездесуде тараптар жобаны іске қосу жайын кеңінен талқылап, атқарылып жатқан жұмыстарды саралады.
📌– Келес ауданында жүзеге асырылып жатқан «Ecoculture-Eurasia» өнеркәсіптік жылыжай кешені – өңіріміздің агроөнеркәсіптік дамуына серпін беретін маңызды жоба. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев азық-түлік қауіпсіздігі ұлттық қауіпсіздіктің маңызды бөлігі екенін бірнеше рет атап өтті. Бұл бағытта отандық ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту және импортқа тәуелділікті азайту – мемлекеттің негізгі басымдықтарының бірі. Осы тұрғыда «Ecoculture-Eurasia» компаниясының өнеркәсіптік жылыжай кешенін іске асыру жобасының маңызы ерекше. Жоба аясында жылына 25 мың тоннаға дейін қызанақ өнімін өндіру арқылы өңір тұрғындарын жыл бойы сапалы отандық өніммен қамтамасыз етуге, ішкі нарықты тұрақтандыруға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға нақты үлес қосылады. Жергілікті тұрғындарды оқытуға, кадрлардың біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінгенін атап өткім келеді. Бұл – әлеуметтік жауапкершілігі жоғары әрі ұзақ мерзімді дамуға бағытталған көзқарастың айқын көрінісі. Әкімдік тарапынан жобаға қажетті барлық ұйымдастырушылық және инфрақұрылымдық қолдау көрсетіледі. Біз «Ecoculture-Eurasia» компаниясымен өзара тиімді, сенімді әріптестік орнайтынына сенімдіміз, – деді Нұралхан Оралбайұлы.
«Ecoculture-Eurasia» ЖШС құрылтайшысы жобаны іске қосу бойынша қарқынды жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізіп, қазіргі жағдайды баяндады.
📌– Өңір қарқынды дамып келеді. Біз жүзеге асырып жатқан ауқымды жоба да аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді деп сенемін. Қажетті инфрақұрылым толықтай жеткізілді. Бұл бағытта көрсетілген қолдау үшін ресейлік серіктестеріміз де ризашылығын білдіруде. Жастарды Ресейге тәжірибе алмасуға жіберу, сондай-ақ жергілікті тұрғындарды жыл бойы, яғни жылдың төрт мезгілінде де тұрақты жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Сонымен қатар жылыжай кешенінің аумағын кезең-кезеңімен 500 гектарға дейін ұлғайтуды көздеп отырмыз, – деді Алмас Дауытов.
▪️Облыс әкімі Келес ауданында шағын өндірістік парк құрылысы жүргізіліп жатқанын атап өтті. Аталған паркте өнімдерді қаптау, өңдеу және консервілеу цехтарын ашуға мүмкіндік бар екенін жеткізді. Бұл өз кезегінде логистикалық шығындар едәуір қысқартып, шағын және орта бизнестің дамуына серпін берері сөзсіз.
▪️Жобаны іске асыруға 42 млрд теңге инвестиция салынуда. Жылыжайда жылына 25 000 тонна қызанақ өсірілмек. Жоба толық іске қосылғанда, 800 жаңа жұмыс орны ашылады. Жобаны «Қазақстанның Даму банкі» АҚ тарапынан қаржыландыру мақұлданған. 2023 жылы 23,5 млрд теңге мөлшерінде қаражат бөлінген. Жылыжай толық Нидерланд елінен алып келінген жабдықтармен жабдықталған. Бүгінде кешеннің 40 гектар аумағында жылыжай блоктарының металл конструкциялары орнатылды. Сыртқы және ішкі желілері бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар әкімшілік-тұрмыстық кешенінің ғимараты, материалдық-өндірістік қоймалары, бақылау-өткізу пунктінің құрылысы жүргізілуде. Қазандық және төтенше жанар-жағармай қоймасының құрылысы аяқталды. 8 жылыжай блогы және техникалық дәліз орнатылуда. Оның 4 блогы мен техникалық дәлізі іске қосылды. Кешеннің ресми ашылуы көктемде өтеді деп жоспарланып отыр.
▪️Айта кетейік, өткен жылы жалпы жылыжай көлемі 75 гектарға өсіп, 1715 гектарды құраған. Бұл жұмыстар өңірдің аталған саладағы үлесін 76 пайызға жеткізіп отыр. 2025 жылы жылыжайлардан 150 мың тоннадан астам көкөніс өнімі, 550 тонна банан, 3,2 мың тонна лимон мен 13 мың тонна құлпынай өндірілді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі