2026 ЖЫЛЫ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДІ ТҮГЕЛ БАС ЖОСПАРМЕН ҚАМТУ КӨЗДЕЛІП ОТЫР

2026 ЖЫЛЫ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДІ ТҮГЕЛ БАС ЖОСПАРМЕН ҚАМТУ КӨЗДЕЛІП ОТЫР
▪️Түркістан облысы елді мекендерді бас жоспармен қамту бойынша республикада алтыншы орында тұр. Облыс бойынша жалпы 801 елді мекен бар. Оның ішінде 794 елді мекен бас жоспармен қамтылған. Қалған 7 елді мекеннің бас жоспарын 2026 жылы толық аяқтау жоспарланған.
▪️Сәулет және қала құрылысы саласындағы мәселелер облыс әкімдігіндегі мәжілісте арнайы талқыланды. Өңір басшысы Нұралхан Көшеров жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдеріне жұмысты жандандыруды тапсырды.
📌– Сәулет, қала құрылысы бойынша еліміздің өзге қалалары мен өңірлерінің немесе шетелдің озық үлгілерін қолдану керек. Аудан, қалалардың сәулеттік келбетін жақсарту, урбанистикалық дамуын ілгерілету жұмыстарына арнайы жұмыс кестесін бекітіп, жүйелі тірлік атқарыңыздар. Түркістан облысы елді мекендерінің бас жоспарлары мен құрылыс салу және даму схемаларын мерзімдеріне сай дайындау қажет. Облыста аудан және қала орталықтарының көркін жақсарту мақсатында сәулеттік келбеттің дизайнын әзірлеу бойынша кешенді жұмыстар жүргізіңіздер. Дайындалатын сәулет-жоспарлау тапсырмалары мен эскиздік жобаларды келісу, пайдалануға қабылдау, мемлекеттік қала құрылысы кадастры геопорталына енгізу жұмыстарын тұрақты жүргізуді тапсырамын, – деді Нұралхан Көшеров.
▪️Түркістан облысының сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Қуаныш Асановтың айтуынша, бас жоспарларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттілігіне орай, облыс әкімдігімен 2025-2029 жылға арналған жол картасы бекітіліп, 390 елді мекеннің бас жоспарын әзірлеу және түзету жоспарланған. Оның ішінде 2025 жылы – 106 елді мекен, 2026 жылы – 84 елді мекен, 2027 жылы – 76 елді мекен, 2028 жылы – 65 елді мекен, 2029 жылы 59 елді мекеннің бас жоспарына түзетулер енгізу көзделген. 2025 жылы Түркістан облысының сәулет және қала құрылысы басқармасы тарапынан 30 елді мекеннің және аудан, қала әкімдіктері тарапынан 76 елді мекеннің бас жоспарын әзірлеу басталды және бұл жұмыстар 2026 жылға өтпелі. Түркістан облысының аумақтарының қала құрылысын жоспарлаудың кешенді сызбасы әзірленіп, тиісті мекемелерден келісім алынған.
▪️Жалпы өңірде қалалар мен елді мекендердің сәулетін жақсарту бағытында жүйелі бастамалар қолға алынып, бұл мәселелер бойынша арнайы индикаторлар бекітілген. Олар: Түркістан облысының қала мен аудандарын дамыту мақсатында және туризм саласы бойынша концепциялар әзірлеу жұмыстары; Қала мен аудан орталықтарының сәулеттік дизайнын (дизайн код) әзірлеу; Түркістан облысы бойынша қала мен ауылдардың бас жоспарларын әзірлеу және түзету. Негізі мақсат – заңсыз құрылыстың алдын алу, сапалы мемлекеттік қызмет көрсету, мемлекеттік қызметтердің ашықтығын және қолжетімділігін қамтамасыз ету, құжаттарды уақтылы және сапалы дайындау және құжаттардың цифрлануын қамтамасыз ету.
▪️Мәжілісте облыс әкімі индикаторды орындау бойынша кемшілікке жол берген аудан, қала басшыларының есебін тыңдап, тиісті тапсырмалар берді. Бірнеше ауданның орталықтары арнайы зерделеніп, тексерілетін болды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі