ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДА ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТОРЛАР АГРОӨНДІРІСТІК КЕШЕНДІ ДАМЫТУ ЖОБАСЫН СӘТТІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУДА

ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДА ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТОРЛАР АГРОӨНДІРІСТІК КЕШЕНДІ ДАМЫТУ ЖОБАСЫН СӘТТІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУДА
Түркістан облысында ірі жобаларды қолға алып, кәсіпорындар ашуға ниетті инвесторлардың қатары артуда. Осы мақсатта Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік ірі компания өкілдерімен кездесіп, өңірде жүзеге асырылып жатқан және болашақта жоспарланған инвестициялық жобаларды талқылады.
Нұралхан Оралбайұлы өңірдің инвестициялық тартымдылығы жоғары екенін атап өтіп, Түркістан облысы шетелдік капитал үшін сенімді әріптес бола алатынын жеткізді.
– Екіжақты тиімді жобаларды әрқашан қолдауға дайынбыз. Шетел азаматтарына жер берілмейді. Дегенмен, мемлекетпен немесе жергілікті шаруалармен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Мәселелер болса, шешуге дайынбыз. Бастысы – жұмыс жүріп, нәтиже болуы керек, – деді облыс басшысы.
Түркістан облысында Қытай елінің үздік тәжірибесі негізінде су үнемдеу жабдықтарын өндіру қолға алынды. Осы мақсатта Жетісай ауданы Асықата кентіндегі индустриалдық аймақта «Altyn kun group» ЖШС бастамасымен агроөндірістік кешенді дамыту жобасы іске асырылуда. Компания Асықата кентіндегі индустриалды аймақта 8 гектар аумаққа 4 зауытты іске қоспақ. Бүгінде шетелдік инвестиция есебінен жобаның бірінші кезеңі бойынша 4 гектар жерге қуаттылығы 3000 тонна болатын ПВХ құбырын өндіру зауыты іске қосылды. Сондай-ақ жылына 3 млн/метр тамшылатып суару лентасын шығаратын зауыттың құрылысы аяқталуға жақын. Қалған 4 гектар жерге қуаттылығы 5000 тонна агрономикалық пленка өндірісі мен 5000 тонна гранула өндірісі іске қосылады. Инвесторлар жобаны іске асыру үшін 10,0 млн АҚШ долларын салмақ. Биыл жобаны толық іске асырып, 100 жаңа жұмыс орны ашу көзделген.
«Altyn kun group» ЖШС құрылтайшысы Лю Кесонг 3 ай көлемінде жобаның алғашқы өндірістік желісін іске қосқанын айтып, облыстық және аудандық әкімдікке қолдау білдіргені үшін алғысын жеткізді. Сонымен қатар смарт технология арқылы егін егуге ниетін білдіріп, қолдау сұрады. Қытайлық серіктестері қызығушылық танытып, Түркістан өңірінің инвестициялық мүмкіндіктерімен танысуға арнайы келгенін айтып, таныстырды. Құрылыс, сауда және агросала өкілдері жобаларын ұсынды.
Айта кетейік, 2025 жылдың 11 айының қорытындысымен Түркістан облысы экономикасына 1,4 трлн теңге инвестиция тартылып, өсім 123 пайызды құрады. Нәтижесінде 146 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Ал, Жетісай ауданына 2025 жылдың 11 айында 42,4 млрд. теңге инвестиция тартылып, нақты көлем индексі 110,6 пайызға жетті. Оның ішінде, жеке кәсіпорындардың инвестиция көлемі 26,3 млрд. теңгеге жетіп, НКИ 113,9 пайызды құрады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі