«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 40 ЖЫЛДАН БЕРІ КӨШЕ ТАЗАЛЫҒЫНА ТЕГІН ҮЛЕС ҚОСЫП ЖҮРГЕН ПАТРИОТ БАР

«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 40 ЖЫЛДАН БЕРІ КӨШЕ ТАЗАЛЫҒЫНА ТЕГІН ҮЛЕС ҚОСЫП ЖҮРГЕН ПАТРИОТ БАР
▪️Завялова Надежда Ивановна – өнегелі ісімен көпке үлгі болып отырған Жетісай қаласындағы ерекше жандардың бірі. Ол – 75 жасқа келсе де, әлі күнге дейін адал еңбегін жалғастырып келе жатқан, өмір бойы түрлі мекемелерде есепші болып қызмет атқарған азаматша. Жасы үлкен болса да, әлі де жұмысқа белсенді түрде барып, өз ісіне жауапкершілікпен қарайды.
▪️Надежда Завялованы өзгелерден ерекшелейтін басты қасиеті – туған жеріне, айналасына деген шынайы жанашырлығы. Ол жұмысқа барар жолында да, жұмыстан қайтар жолында да көшелерде ретсіз тасталған қоқыстарды жинап жүреді. Бұл міндетті оған ешкім жүктемеген. Алайда, игі істі өз еркімен, жүрек қалауымен 40 жылдан астам уақыт бойы үздіксіз тегін атқарып келеді.
▪️Сонымен қатар ерте көктемде қала көшелері мен әкімдік маңайына өз қолымен гүлдер егіп, айналаны көркейтуге үлес қосады. Оның бұл еңбегі – туған жерге деген махаббаттың, тазалық пен тәртіпке деген жоғары жауапкершіліктің айқын көрінісі.
▪️Аталған өнегелі іс елеусіз қалмай, жуырда аудан әкімі Серік Мамытов Надежда Ивановнаны арнайы қабылдап, сый-сияпат жасап, құрмет көрсетті. Қабылдау барысында тазалық жанашырының көпжылдық еңбегі, қоғамға қосқан үлесі және жастарға үлгі боларлық іс-әрекеті ерекше атап өтілді.
«Осындай қарапайым, бірақ, мағыналы еңбектерімен елге үлгі болып жүрген жандар – қоғамымыздың шынайы жанашырлары. Ардақты апамыздың өмірлік ұстанымы – адал еңбек ету, тазалықты сақтау және туған жерге қызмет ету. Мұндай игі істер өскелең ұрпақ үшін үлкен өнеге» деді аудан басшысы өз сөзінде.
▪️Ешкім міндеттемесе де, ортаның тазалығына ерікті түрде атсалысып жүрген Надежда Завялова жаңа жыл қарсаңында көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, қоқыспен және ретсіздікпен қоғам болып күресуге шақырды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі