Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдәулиев 2025 жылдың 11 айының қорытындылары және МӘМС жүйесіндегі өзгерістер бойынша брифинг өткізді.
Брифинг барысында өңірдің денсаулық сақтау саласындағы негізгі бағыттар бойынша атқарылған жұмыстар мен қол жеткізілген нәтижелер кеңінен таныстырылды. 2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша медико-демографиялық көрсеткіштер тұрақтанып, бірқатар маңызды бағыттарда оң динамика қалыптасты.
Атап айтқанда, жалпы өлім-жітім деңгейі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5%-ға төмендеп, 1000 тұрғынға шаққанда 3,9-ды құрады. Ана өлімі 32,4%-ға азайып, 100 мың тірі туғандарға шаққанда 4,8 деңгейіне дейін төмендеді. Сонымен қатар нәресте өлімі 8,6%-ға, бала өлімі 7,7%-ға төмендеді. Бұл көрсеткіштер алғашқы медициналық-санитариялық көмекті күшейту, перинаталдық қызметті жетілдіру және тәуекел топтарына тұрақты мониторинг жүргізу нәтижесінде мүмкін болды.
Ана мен бала денсаулығын қорғау бағытында бірқатар жүйелі шаралар іске асырылды. Облыс бойынша 16 алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымында «Даму және ерте араласу» орталықтары ашылып, балалар ауруларын ерте анықтау және алдын алу жұмыстары күшейтілді. Облыстық деңгейде балаларға офтальмологиялық және сурдологиялық көмек көрсететін құзырет орталықтары жұмысын бастады.
Жоғары технологиялық медициналық көмекті дамыту аясында 35 күрделі ота, оның ішінде 31 кардиохирургиялық және 4 эндоваскулярлық операция жасалды. Медициналық авиация қызметі арқылы 932 балаға кеңес беріліп, 428 науқас облыстық деңгейге жеткізілді. Сондай-ақ, санитарлық авиация арқылы жүкті және босанған әйелдерге шұғыл медициналық көмек көрсету тәжірибесі кеңейтілді.
Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесіне де ерекше назар аударылды. 2025 жылы жергілікті бюджет есебінен сирек кездесетін, өмірлік маңызы бар аурулар бойынша 295 науқасқа 4,6 млрд теңге бөлініп, қаржының басым бөлігі игерілді. Республикалық бюджет есебінен 292 мыңнан астам науқас амбулаториялық дәрілік заттармен қамтамасыз етілді, оның ішінде 18 жасқа дейінгі балалар бар.
Кадрлық әлеуетті нығайту мақсатында өңірде медициналық кадрларды даярлау және тарту бойынша нақты шаралар қабылданды. Жергілікті бюджет есебінен резидентураға гранттар бөлініп, жас мамандарға әлеуметтік қолдау көрсетілді. Сонымен қатар, медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, шетелде тәжірибе алмасу және мастер-кластар өткізу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілді.
Инфрақұрылымды дамыту бағытында 2025 жылы облыста 36 медициналық нысанның құрылысы жүргізіліп, олардың басым бөлігі пайдалануға берілді. Сонымен қатар ірі медициналық жобалар мен перинаталдық орталықтардың құрылысы басталды. Медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында заманауи диагностикалық құрал-жабдықтар сатып алынып, жедел жәрдем автокөліктері паркі жаңартылды.
Брифинг барысында МӘМС жүйесіндегі өзгерістер де айтылып, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған жаңашылдықтар халыққа түсіндірілді.
Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасы алдағы кезеңде де халыққа сапалы және қолжетімді медициналық көмек көрсету, негізгі көрсеткіштерді одан әрі жақсарту бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі