ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА СОҢҒЫ ҮЛГІДЕГІ АҚЫЛДЫ ТЕХНОЛОГИЯЛАРМЕН ҚАМТЫЛҒАН ЗАМАНАУИ МАҚТА ӨҢДЕУ ЗАУЫТЫ АШЫЛДЫ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА СОҢҒЫ ҮЛГІДЕГІ АҚЫЛДЫ ТЕХНОЛОГИЯЛАРМЕН ҚАМТЫЛҒАН ЗАМАНАУИ МАҚТА ӨҢДЕУ ЗАУЫТЫ АШЫЛДЫ
📍Түркістан облысы Отырар ауданына қарасты Қарақоңыр ауылдық округінде орналасқан «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің заманауи мақта өңдеу зауыты пайдалануға берілді. Зауыттың іске қосылуымен 279 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
▪️Ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, өндіріс ұжымын және аудан тұрғындарын жаңа нысанның іске қосылуымен құттықтады. Аймақ басшысы бұл жоба өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттырып, ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеретін маңызды қадам екенін атап өтті.
📌– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев экономиканы әртараптандыру, терең өңдеу саласын дамытуды тапсырды. Өңірде осы бағытта жұмыс жүруде. Түркістан облысы үшін ауыл шаруашылығы мен оны терең өңдеу – экономиканы дамытудың басты бағыттарының бірі. Бүгін іске қосылып отырған «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» – осы бағыттағы ірі әрі маңызды жоба. Бұл кәсіпорын заманауи технологияларды пайдалана отырып, мақта шаруашылығын жаңа деңгейге көтеріп отыр. Серіктестік қытайлық инвесторлар көмегімен 32 мың гектар алқапқа тамшылатып суару әдісімен мақта егіп, жоғары өнімділікке қол жеткізді. Су үнемдейтін бұл технологиялар – климаттық өзгерістер жағдайында аса өзекті. Жоба аясында екі бірдей мақта өңдеу зауыты салынуда. Жалпы құны 21,1 млрд теңгені құрайтын бұл өндірістер жылына 180 мың тонна шитті мақтаны өңдеуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда 120 мың тонна шитті мақта жиналып, оның 30 мың тоннасы таза мақта ретінде өңделді. Бұл – аудан халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты нәтиже. Біздің негізгі мақсатымыз – Отырар ауданында және облыста толыққанды мақта кластерін қалыптастыру, шикізатты терең өңдеп, қосымша құны жоғары өнім шығару. Осындай жобалар өңірдің өндірістік инфрақұрылымын дамытып, Түркістан облысының экономикалық әлеуетін нығайта түсетініне сенімдімін, – деді Нұралхан Көшеров.
«Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Сюй Цзе облыс әкімдігінің қолдауы мен сеніміне алғысын білдіріп, мақта кластерін одан әрі жандандыра түсетінін жеткізді.
▪️Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғырту міндетін қойды. Президент тапсырмасын орындау мақсатында облыста ауқымды шаралар атқарылуда.
▪️Жаңа мақта анроөнеркәсіп кешенінде жасанды интеллект жүйесі енгізілген. Ақылды басқару орталығында жасанды интеллект арқылы басқару, бақылау, реттеу жұмыстары жүзеге асады. Егіс алқабы, зауыттар түгел бақыланып отырады. Су, мақтаның өсу барысы, жердің ылғалдылығын да қадағалау жүйесі енгізілуде.
▪️Мұндағы жұмысшыларға қолайлы жағдай жасалған. 700-ге жуық жұмысшыға арналған жатақхана, асханалары бар. Компания өзі 280 метрден ауыз су тартып, күніне 4 мың жұмысшыға жететін су шығарылады. Зауыттың 20 мың өңделген мақта сақтайтын алып қоймасы бар. Мұндай қоймалар саны артады. Мұнда өңделген мақта Түркістандағы зауытта жіпке, матаға айналады. Оған қоса өңделген мақта Еуропа мен Қытайдағы фабрикаларға экспортталады деп жоспарланып отыр. Ал мақтаның шитінен мал шаруашылығына қажетті жем шығарылып жатыр. Яғни, «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» қалдықсыз өндіріске қол жеткізген замануи компаниялар қатарын толықтырып отыр. Алдағы уақытта мақтаның егіс көлемін 52 мың гектарға жеткізіп, бәрін су үнемдеу технологиясымен қамту көзделген.
▪️Айта кетейік, «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС ауыл шаруашылығы саласына жаңа технологияларды енгізіп, өңір экономикасының дамуына елеулі үлес қосып келеді. Серіктестік 2025 жылы Отырар ауданы мен Арыс қаласы аумағында 30 мың гектардан астам жерге тамшылатып суару әдісімен мақта дақылын егіп, әр гектардан орта есеппен 50-60 центнерден өнім алды. Жоба аясындағы ең ауқымды бағыттардың бірі – екі бірдей мақта өңдеу зауытының құрылысын жүргізу және олардың өндірістік қуатын қалыптастыру. Зауыттардың жылдық жалпы қуаттылығы 180 мың тонна шитті мақтаны өңдеуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда жиналған шикізат көлемі 120 мың тонна шитті мақта болса, оның ішінде алынған таза мақта көлемі 30 мың тоннаны құрады.
▪️Бұл жоба өңір тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға оң ықпал етіп отыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі