Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасының орындалуы тұрақты бақылауда. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттың апталық мәжілісінде айтылды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов осы бағыттағы жұмыстарды баяндады.
Биыл Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында 7263 тазалық іс-шарасын өткізу жоспары бекітіліп, толық орындалды. Жыл басынан бері іс-шаралар мен сенбіліктерге 1 миллионнан астам тұрғын қатысып, 6998 арнайы техника жұмылдырылып, көшелерде, қоғамдық орындарда, аулалар мен саябақтарда тазалау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 1 миллионнан астам көшет отырғызылып, 16 624 тонна қоқыс шығарылды.
Бүгінгі күнге дейін «TazaQazBot» ақпараттық жүйесіне 3 456 өтініш түсіп, барлық өтініштер орындалды. Тәртіпті сақтау мақсатында биыл қоғамдық орындарда санитарлық талаптарды сақтамаған тұлғаларға 27 946 хаттама толтырылған. Жалпы 556,5 млн теңге айыппұл салынған.
Ауыл округ әкімдері өздеріне берілген өкілеттіктеріне сәйкес заң талаптарын бұзған тұлғаларға ескерту және айыппұл салу хаттамаларын толтыруды тұрақты жүргізіп жатыр. Осыған байланысты ауыл округі әкімдіктері тарапынан 2025 жылдың басынан бүгінгі күнге дейін 505-бап бойынша 5 016 хаттама толтырылып, нәтижесінде 42,5 млн теңге айыппұл салынған.
Облыс әкімі басты мәселе – тұрғындар арасында экологиялық сауаттылықты көтеру, қоршаған ортаны таза ұстау мәдениетін қалыптастыру екенін айтты. Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуді тапсырды.
Мәжілісте жылыту маусымының өту барысы да баяндалды. Өңірде қазандықтар температуралық кестеге сәйкес штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Облыс бойынша жалпы 580,4 мың тонна көмір қажет болса, 549 мың тонна көмір жеткізіліп, 95% қамтылған. Бюджеттік мекемелер көмірмен 100 пайыз қамтылып, жылыту маусымы тұрақты өтуде.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі