
– Бүгін біз үшін ерекше қуанышты күн. Түркі әлемінің астанасы тарихи Түркістан қаласы тағы бір әлеуметтік нысанмен толығып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында балаларға қолжетімді болуы үшін шағын және орташа оңалту орталықтарының желісін кеңейтіп, ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасауды тапсырған болатын. Міне, осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде «Қамқорлық» жаңа арнаулы әлеуметтік орталығы ашылып отыр. «Қамқорлық» – атауының өзі айтып тұрғандай, балаларымыздың өміріне жарық, жүрегіне үміт сыйлайтын орталық болатынына кәміл сенемін. Мұнда бір уақытта 18 жасқа дейінгі 125 балаға 8 бағыт бойынша жартылай стационарлық жағдайда сапалы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Орталықта 90-ға жуық жұмыс орны құрылып, іргелес жатқан 4 аудан, қаланың тұрғындары тұрақты жұмыспен қамтылады. Жаңа орталық заманауи құралдармен жабдықталып, балалар үшін барлық жағдай жасалған. Осы ретте, орталықтың қажеттіліктерін қамтамасыз етіп, демеушілік жасаған «Samruk-Kazyna Trust», «Қазақстан халқына» және «Қамқорлық» қорларына шынайы алғыс білдіремін. Құрметті ата-аналар! Сіздердің шыдамдылық пен мейірімдеріңіз – біздің балаларымыз үшін ең үлкен демеу. «Қамқорлық» орталығы сіздерге серік, сенімді тірек болады деп санаймын. Баршаңызды жаңа орталықтың ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Балаларымыздың жүрегіне шаттық пен шабыт сыйласын! Орталықтың жұмысына сәттілік тілеймін, – деді Нұралхан Көшеров.