
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Жолдауларында бұқаралық спортты дамыту, ауылдардағы спорт инфрақұрылымын жаңарту жөнінде нақты тапсырмалар берді. Облыста осы бағытта ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
Биыл облыс көлемінде 112 спорт нысанның құрылысы басталып, бүгінгі таңда 102-нің құрылысы аяқталуда. Қалғаны 2026 жылғы өтпелі. Бүгін ашылып отырған нысан стандарттарға сай әрі заманауи үлгіде жабдықталған. Спорт нысаны бір мезетте 200-ге дейін спортшыны қабылдай алады. Мұнда үстел теннисімен бірге бокс, күрес спорт
түрлерімен шұғылдануға мүмкіндік бар.
Жаңа нысан Жетісай ауданының спорттық
әлеуетін жаңа деңгейге көтереді. Осы ретте бүгінгі нысанның бой көтеруіне
демеушілік жасаған кәсіпкер, меценат, Қазақстан Республикасы үстел теннисі федерациясының президенті Әбілғазин Данияр Рүстемұлына облыс жұртшылығы атынан шынайы ризашылығымды
білдіремін. Баршаңызды салауатты өмір салтын ұстануға, спортпен шұғылдануға шақырамын! Жаңа спорт нысанынан Олимпиада және әлем чемпиондары шыға берсін! – деді Нұралхан Көшеров.

Асықата кентіндегі 1 гектар аумақта орналасқан, құны 1 млрд теңгені құрайтын орталықта бір мезетте 200 адам жаттыға алады. Жаттығушыларға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында 2 жаттығу залының біріне 9 теннис үстелі, екіншісіне 3 күрес кілемі, бокс рингі, тренажер жабдықтары, сонымен қатар, 30 орындық жатақхана мен асхана орналастырылған. Барлық талаптарға сай салынған ғимаратта енді республикалық, халықаралық байрақты бәсекелерді өткізуге болады.

Бүгінде ауданда мектептер мен арнаулы орта оқу орындарының алаңшаларынан бөлек 77 ашық алаңша болса, оның 49-ы мемлекеттік, 28-і жеке азаматтардың меншігінде. Мемлекеттің мәртебесі мен ұлттың намысын айқындайтын саланы дамыту мақсатында 2023 жылы мемлекет есебінен 5 спорт нысаны салынса, кәсіпкерлер есебінен 5 спорт нысаны бой көтерген. Ал, өткен жылы мемлекет қаржысына – 6, жеке инвестиция есебінен 4 спорт нысаны қолданысқа берілген. Биыл жылдың соңына дейін жалпы құны 90,5 млн теңгені құрайтын тағы 6 спорт алаңшасының құрылысы аяқталады деп күтілуде.