ТҮРКІСТАН: ТҰРҒЫНДАР КӨТЕРГЕН МӘСЕЛЕЛЕР НАЗАРДАН ТЫС ҚАЛМАЙДЫ

ТҮРКІСТАН: ТҰРҒЫНДАР КӨТЕРГЕН МӘСЕЛЕЛЕР НАЗАРДАН ТЫС ҚАЛМАЙДЫ
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков «Ашық әкімдік» кеңсесінде кезекті рет тұрғындарды жеке қабылдап, мәселелерін тыңдады. Жауапты сала басшыларымен бірге азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын зерделеп, сұрақтарына жауап берді.
Қабылдауға келген азаматтардың басым бөлігі ауыл шаруашылығы, жеңілдетілген несие алу мәселелерін көтерді.
Сауран ауданында ірі қара мал бордақылайтын кешен құрылысын бастаған азамат жеңілдетілген несие алуға өтінім бергенін айтып, алайда әлі күнге дейін қаржыға қол жеткізе алмай жүргеніне шағымданды. Жоба бойынша мал бордақылайтын алаңнан басқа, құрама жем зауыты мен былғары өңдейтін цехты іске қосу көзделген. Ірі жобаны қаржыландыру 2026 жылдың жоспарына енгізілген.
Қазығұрттық қария жылыжай құрылысы мен мал шаруашылығын дамытуға жер берілсе деген өтінішін жеткізді. Азаматқа шаруашылық жүргізуге жер алу заңдылығы түсіндіріліп, жарияланатын конкурсқа қатысу туралы ақпарат берілді. Астаналық компания өкілдері белгілі бір аймақтарда қатты пайдалы қазбаларды барлау үшін жолданған сұранысты қанағаттандыруға ықпал етуді сұрады. Өтініш иесіне сұраныс бойынша заң талаптарының сақталуы үшін нақтылауларды қажет ететін қосымша зерделеу-анықтау шаралары жүргізілетіні айтылды.
Нұрбол Тұрашбеков көтерілген барлық мәселелер бойынша жауап беріп, атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Айта кетейік, облыс әкімі мен оның орынбасарлары азаматтарды жеке қабылдауды тұрақты түрде жалғастырады. Жеке қабылдауға жазу жұмыстарын Түркістан облысы әкімі аппаратының өтініштерді қарауды бақылау бөлімі жүргізеді. Қабылдауға egov.kz порталы, е-otinish бірыңғай базасы арқылы және «Ашық әкімдік» кеңсесіне келіп, жазбаша өтініш тастау арқылы жазылуға болады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі