Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында Азаттық елді мекеніне заманауи дәрігерлік амбулатория салынып, ел игілігіне пайдалануға берілді.
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев, Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев, аудан әкімі Асқар Естібаев пен мәслихат төрағасы Серғали Сәрсенбаев ауыл тұрғындарының қуанышымен бөлісіп, құттықтады.
Дәрігерлік амбулаториясында заманауи үлгіге сай фильтр, әйелдер бөлмесі, егу бөлмесі, емшара бөлмесі, қабылдау бөлмесі, физ кабинет, дәріхана бөлмесі, 4 төсекке арналған күндізгі аурухана бөлмелері, дені сау бала бөлмесі, тіс дәрігерінің бөлмесі, қызметкерлерге арналған бөлмелер бар.
Шара барысында аудан әкімі ғимаратты сапалы соғып, құрылысын уақытында аяқтаған мердігерлерді арнайы алғыс хаттармен марапаттады. Ал ауыл ақсақалдары игі іске мұрындық болған жандарға ақ баталарын берді.
Жергілікті тұрғындарға қолжетімді медициналық көмек көрсету мақсатында ағымдағы жылы аудан аумағындағы медициналық тіректі қажет ететін Мақталы, Тастыбұлақ, Шақпақ-баба мен Азаттық ауылдарында заманауи жаңа нысан соғылып пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін Қызылбастау ауылындағы медициналық нысан халық игілігіне қолданысқа берілмек.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі