Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қазығұрт ауданына жұмыс сапарында Қазығұрт елді мекеніндегі О.Жандосов көшесінде орналасқан екі қабатты, 10 пәтерлі тұрғын үйді көріп, қайта жөндеуден өткізілгеннен кейінгі жағдайымен танысты. Үй иелерімен пікір алмасты.
Кездесуде тұрғындар өзекті мәселелерінің оңынан шешілгенін айтып, облыс және аудан басшылығына алғыстарын білдірді.
Нұралхан Көшеров халықтың ұсынысы мен пікірлері маңызды екенін айта келе әрбір өтініш бақылауда болатынын жеткізді.
Айта кетейік, облыс әкімінің халықпен кездесуі барысында қазығұрттық тұрғындар баспаналарының жағдайына қатысты мәселе көтерген болатын. Өйткені кейбір пәтерлердің едендері шөгіп, ішкі аралық қабырғалары
жарылған.
Мәселе шұғыл назарға алынып, облыс әкімі тарапынан нақты тапсырмалар беріліп, тиісті жұмыстар жүргізілді. Тұрғындардың өтінішіне сәйкес №35 және №35 Б тұрғын үйлерде орын алған ақаулар қалпына келтіріліп, тұрғындар өз үйлеріне қайта орналасты.