
– Ата-бабаларымыз «Қазығұрттың басында кеме қалған, ол әулие болмаса неге қалған?» деп бекер айтпаған. 2004 жылы бой көтерген «Нұх пайғамбар кемесі» мемориалдық кешені – ұлттың рухын көтеретін, тарих пен дәстүрді дәріптейтін ерекше нысан. Бүгін осы мемориалдық кешеннің қайта жаңғыртудан өтіп, жаңа кейіпке енуіне куә болып тұрмыз. Аталған ескерткіш – ұлттың бірлігі мен берекесінің, ізгіліктің символы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мәдени мұра мен рухани туризмді дамытуды ел дамуының маңызды бағыты ретінде айқындады. Осы бағытта Түркістан облысында тарихи-мәдени нысандарды сақтап, өңірдің туристік әлеуетін арттыру бойынша жұмыстар атқарылуда. Қазығұрт – тарихы терең өңір. Осы аймақта туризмді дамыту – ортақ міндетіміз. Бүгінгі жаңғыртудан өтіп, қайта ашылып отырған «Нұх пайғамбар кемесі» мемориалдық кешені ел рухын асқақтататын ескерткіш болады деп сенемін. Халқымыздың мәртебесі Қазығұрт тауындай биік, әрбір бастамамыз жемісті болсын! – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.