
Нысанның құрылысы 2024 жылдың қараша айында басталған. Құрылыс жұмыстарын «Лидер Строй» ЖШС атқарды. Жаңа медициналық нысан Түркістан облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасына қарасты «Ордабасы орталық аудандық ауруханасы» ШЖҚ МКК теңгеріміне берілді. Жобаның құны – 201 млн. теңге. 0,25 гектар аумақта орналасқан ғимараттың жалпы алаңы – 376,9 шаршы метр. Мұнда 52 медицина қызметкері еңбек етеді. Нысан заманауи талаптарға сай салынып, қажетті медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Дәрігерлік амбулатория тіс дәрігері, физиотерапия, акушер-гинекология, кеңейтілген мейіргер бөлмесі, тегін дәрі-дәрмек босату орны, дені сау бала бөлмесі, күндізгі ем алу бөлмесі, сүзгі бөлмесі, ине және екпе егу бөлмесі, дезинфекциялық ерітінді дайындау бөлмесі, дәрі-дәрмек қоймасы, педиатр, психолог және әлеуметтік қызметкерлерге арналған арнайы кабинеттермен қамтылған. Дәрігерлік амбулатория бір мезетте 100 адамды қабылдай алады. Қараспан ауылдық округіндегі ауылдар мен елді мекендерде тұратын 14 мыңнан астам тұрғынға медициналық көмек көрсететін болады. Алдағы уақытта да облыста денсаулық сақтау саласын жақсарту бағытында жаңа жобалар жүзеге асырылады.