Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні қарсаңында Түркістан облысы Шардара ауданында ел мерейін асырған тағылымды іс-шара өтті. Биыл үшемдерді дүниеге әкелген Ешмуратовтар және Оңайовтар отбасыларына жаңа пәтер кілті тапсырылды.
Бұған дейін аудан әкімі Арман Қарсыбаевтың қолдауымен демеушілер есебінен әр отбасына 3 миллион теңгеден қаржылай көмек көрсетілген болатын. Ал мереке қарсаңында аудан әкімінің бастамасымен Шардара қаласындағы
Ж. Қолдасов көшесінде орналасқан, заман талабына сай салынған жаңа пәтерлердің кілттері салтанатты түрде табысталды.
Салтанатты жиында аудан әкімі Арман Қарсыбаев сөз сөйлеп, көпбалалы отбасыларды қолдау – тәуелсіз мемлекет саясатының маңызды бағыты екенін атап өтті.
Сонымен қатар аудандық мәслихат төрағасы Бұлтбай Мүтәлиев құттықтау лебізін білдіріп, үшемдердің аман-есен өсіп, ел игілігі жолында қызмет ететін азамат болып қалыптасуына тілектестігін жеткізді.
Қуанышы қойнына сыймаған қос шаңырақ иелері аудан басшылығына және демеушілерге шынайы алғыстарын білдірді. Айта кетейік, жаңа баспаналар демеушілер қаражаты есебінен салынған.
Тәуелсіз елдің әрбір сәбиі – жарқын болашақтың кепілі!
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі