«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында Түркістан облысы Жетісай ауданында құрылысы жүргізілген 3 медициналық көмек беру нысаны ел игілігіне тапсырылды.
Мақталы ауылдық округінің Алмалы және Алтынсарин елді мекендерінде бой көтерген фельдшерлік-акушерлік пункттердің құрылысы биыл мамыр айында басталып, қыркүйекте аяқталған. Қос нысанда 10 дәрігер 2114 тұрғынға медициналық қызмет көрсетеді.
1960-1961 жылдары салынған ғимараттар апатты жағдайға жеткендіктен қолданыстан шығарылған.
Ал Ж.Ералиев ауылдық округінің Бәйтерек елді мекенінде ашылған «Бәйтерек» дәрігерлік амбудаториясында 10 қызметкер жұмыс істейді. 2150 тұрғынға медициналық қызмет көрсетеді. 1963 жылы салынған ескі ғимараттың тозығы жетуіне байланысты жаңа нысанның құрылысы өткен жылдың мамыр айында басталған.
Денсаулық сақтау нысандарының салтанатты ашылуына Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов пен өзге де азаматтар қатысып, ауыл тұрғындарын айтулы қуаныштарымен құттықтады. Нысандардың ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып, денсаулығын жақсартуға мүмкіндік беретініне сенім білдірді. Аса қажетті білікті кадрлармен және заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілгенін, медициналық нысанның елге көмек көрсетуге толық дайын екенін айтты.
Қонақтар медицина мекемелерін аралап көріп, жұмысымен танысты.
Айта кетейік, Жетісай ауданындағы 70 денсаулық сақтау нысанында 486 төсек-орын қарастырылған, 381 ақ желеңді қызмет етеді. Биылғы 8 айда 2242 бала туылып, табиғи өсім 9,6-ны құраған.
Тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын арттыру мақсатында биыл 1 аурухана күрделі жөндеуден өтуде. Одан бөлек, 2 дәрігерлік амбулатория мен 6 фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі