Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамыту, ауыл әкімдіктерінің жұмысын жүйелеу жөнінде тапсырмалар берген болатын. Түркістан облысында осы бағытта жұмыстар жалғасып жатыр.
Түркістан облысы, Шардара ауданы, Ұзын-Ата ауылдық округінде жаңа әкімшілік ғимараттың ашылу салтанаты өтті. Салтанатты шараға аудан әкімі Арман Қарсыбаев қатысып, ауыл тұрғындарын жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтады. Ауыл ақсақалдары ақ батасын беріп, ел игілігіне пайдаланылатын нысанның жұмысына сәттілік тіледі.
Шара барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан, ауданға еңбегі сіңген ардагерлер «Шардара ауданына 60 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды.
Әкімшілік ғимарат 2 қабатты, жалпы ауданы 232 шаршы метрді құрайды. Ғимаратта 7 бөлме бар, 18 қызметкерге арналған. Құрылыс жергілікті бюджет есебінен жүргізілді.
Айта кетейік, нысанның құрылысы 2022 жылы басталып, қаржыландыру мәселелеріне байланысты 2025 жылға өтпелі болған. Бүгінде ғимарат толық пайдалануға беріліп, ауыл халқы үшін қызмет көрсететін болады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі