ТҮРКІСТАН: СОЗАҚ АУДАНЫНЫҢ ШАРУАЛАРЫНА 70 ТОННАҒА ЖУЫҚ БИДАЙ ЖЕТКІЗІЛДІ

ТҮРКІСТАН: СОЗАҚ АУДАНЫНЫҢ ШАРУАЛАРЫНА 70 ТОННАҒА ЖУЫҚ БИДАЙ ЖЕТКІЗІЛДІ
Биыл ауа райының қалыптан тыс құрғақ әрі жауын-шашынсыз болуы салдарынан облыс аумағындағы жайылымдық жерлерде табиғи шөптердің шығымдылығы айтарлықтай төмендеді. Осыған байланысты «ALTYN NAN» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы өңірдегі агроқұрылымдарды қажетті мал азықтық бидаймен нарықтағы бағадан 20–30 пайызға төмендетілген бағамен (90 теңге/кг) тікелей қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде.
Табиғи-климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, қысы қатал саналатын Созақ ауданы шаруашылықтарына бірінші кезекте 500 тонна мал азықтық бидай жеткізу жоспарланған. Осы ретте, Созақ ауданына 68 тонна бидай жеткізіліп, Сызған, Қарақұр, Қаратау және Шолаққорған ауылдық округтеріндегі 35 шаруа қожалығына таратылды.
Жоспарға сәйкес, өңірдегі агроқұрылымдарға қажетті мал азықтық бидай кезең-кезеңімен жабық вагондар арқылы Түлкібас станциясына жеткізіліп, одан әрі Бәйдібек, Төлеби, Түлкібас, Арыс, Ордабасы, Сайрам және Сауран аудандарының шаруаларына бөлініп берілетін болады. Ендігі кезекте 200 тонна бидай Түлкібас станциясына жеткізіліп, Арыс, Отырар, Бәйдібек аудандарының шаруаларына үлестіріліп берілетін болады. Аталған шаралар алдағы қысқы маусымды қалыпты деңгейде өткізуге мүмкіндік береді.