Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде еңбек адамдарының мәртебесін көтеруге, олардың қоғамдағы рөлін арттыруға және жұмысшы мамандықтардың беделін нығайтуға бағытталған «Еңбек» фотокөрмесі және Инновациялық Хакатон өтті. Іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жұмысшы мамандықтар жылы» бастамасы аясында және 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мерекесіне орай ұйымдастырылды. Аталған шараға университет ректоры Жанар Темірбекова қатысып, оқу орданың дамуына үлес қосып жүрген жандарға алғысын білдіріп, жұмысшы мамандарды Алғыс хаттармен марапаттады.
«Еңбек» фотокөрмесі еңбек адамын дәріптеуге арналды. Көрмеде 40-қа жуық кейіпкердің күнделікті еңбегі бейнеленген фотосуреттер қойылды. Атап айтқанда, оқу орнының шаруашылық-техникалық саласында еңбек ететін қызметкерлеріне ерекше назар аударылды. Олардың қатарында университет ашылғалы бері 30 жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі мамандар бар.
Фотожобаның негізгі кейіпкерлері – қазандық пен су қоймасының операторлары, құбыр жөндеуші, еден жуушы, бағбан, сушы, агротехника жүргізушісі, аула сыпырушы, ағаш шебері, жатақхана кезекшісі және тағы басқа мамандар. Бұл фотокөрме – Ахмет Ясауи университеті басшылығының идеясымен жүзеге асып жатқан «Еңбек» медиажобасының бір бөлігі. Оқу орны мен Beine.Pro интернет журналының бірлескен шығармашылық жобасы.
Фотосуреттерді университеттің «Өнер, медиа және дизайн» факультетінің студенттері және университет фотографы Нақып Шынтеміров пен Beine.Pro-ның визуал контент продюсері әрі фотожурналисі Әйгерім Бегімбет түсірді. Алдағы уақытта
beinepro.kz сайтында және әлеуметтік желілердегі парақшаларда Ахмет Ясауи университетінің «Журналистика» кафедрасының практик-оқытушысы, Beine.Pro мультимедиа редакторы Жанерке Хумардың тәлімгерлігімен студенттер дайындаған репортаждар мен рилс видеолар жарияланады.
Сонымен қатар, оқу орнының Коммерцияландыру офисінің бастамасымен өткен Инновациялық Хакатон шарасына оқушылар, студенттер, жас мамандар мен жаңашыл идея ұсынуға ынталы жастар қатысып, өңірдің өзекті мәселелерін шешуге бағытталған жобаларын ортаға салды.
Хакатонға қатысқан 20-ға жуық команда ауыл шаруашылығы, экология және цифрландыру бағыттары бойынша нақты әрі қолданбалы шешімдер ұсынды. Қатысушылар қысқа уақыт ішінде идеяны пысықтап, оны инновациялық жобаға айналдыру арқылы өздерінің кәсіби біліктілігі мен командалық жұмыс дағдыларын көрсетті. Ұсынылған жобалар идеяның өзектілігі, техникалық жүзеге асырылу деңгейі, жаңашылдығы, практикалық маңыздылығы және таныстырылым сапасы бойынша сарапшылар тарапынан бағаланды. Ең үздік жобалар қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі