
– Алдымен баршаңызды келе жатқан Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мереке қарсаңында «Састөбе» инновациялық кешені» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жаңа әк зауыты ашылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында экономиканы әртараптандыру, өндіріс орындарын ашу бағыттарына айрықша тоқталды. Ел экономикасының негізгі басымдығы шикізат емес, жоғары технологиялық өндіріс пен инновациялық индустрия болуы тиіс. Түркістан облысында осы бағытта ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Біз өндіріс орындарын ашуға, терең өңдеу саласына басымдық бердік.
Сол жұмыстар нәтижесінде облысымыз халықаралық талапқа сай заманауи зауытпен толығып отыр. Осыдан бірнеше ай бұрын сіздермен ірі кешеннің құрылысының басталуына куә болып едік. Міне, аз ғана уақыт ішінде зауыт құрылысының алғашқы кезеңі аяқталып, әк шығару зауыты өндірісін бастағалы отыр. Бұл Түркістан облысы ғана емес, тұтас еліміз үшін маңызды оқиға. Жалпы құны 180 млрд теңге болатын жоба арқылы ауданның ғана емес, облыстың өндіріс көлемі артады. Жалпы, мыңға жуық жұмыс орны ашылса, бүгінгі әк зауытының өзінде жүзге жуық жерлесіміз жұмысқа орналасуда. Осы ретте маңызды жобаны жүзеге асырған инвесторға, жауапты азаматтарға алғысымды білдіремін! Зауыт ұжымына сәттілік, денсаулық және берекелі табыс тілеймін! Жаңа зауыттар ашылып, облысымыз дами берсін! – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.

«Састөбе инновациялық кешені» ЖШС-нің негізгі мақсаты – әк, каустикалық сода, кальций карбиді, ПВХ және цемент өндірісін жолға қою. Зауыт толық қуатына шыққанда жылына 400 мың тонна әк, 100 мың тонна каустикалық сода, 120 мың тонна ПВХ, 200 мың тонна кальций карбиді және 1 млн тонна цемент өндірмек.
Кәсіпорынның іске қосылуы өңірдегі жұмыссыздық деңгейін төмендетуге де оң ықпал етеді. Жоба аясында жалпы мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады, оның ішінде биыл 100 жаңа жұмыс орны ашылды.