
– Бүгін өңіріміздің ғана емес, бүкіл еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мен «жасыл экономикаға» көшу жолындағы маңызды жобалардың бірі – қуаты 300 МВт болатын күн электр станциясының іргетасын қалау рәсіміне жиналып отырмыз. Түркістан облысы – ауа температурасы ең жоғары аймақтардың бірі. Сондықтан жаңартылатын энергия жобаларын дамыту, күн қуатын пайдалану – өңіріміз үшін аса тиімді әрі болашағы бар бағыт. Аталған жобаны жүзеге асыру үшін құйылатын инвестиция құны шамамен 160 млрд. теңгені құрайды. Жоба аясында 500-ге жуық жұмыс орны ашылады деп көзделуде және жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтамасыз етіледі. Бүгінгі бастама – экологиялық таза, тұрақты даму жолына түскен Түркістанның болашағына салынған инвестиция. Бұл жоба облысымыздың энергия инфрақұрылымын нығайтып қана қоймай, халықаралық инвесторлар үшін өңірдің тартымдылығын арттыра түседі. Осы жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсеткен Қазақстан Республикасының Президентіне, Үкіметіне, барлық министрліктер мен мекемелерге, сондай-ақ серіктес компания «Energy China» басшылығына алғыс айтқым келеді. Ынтымақ пен сенімге негізделген серіктестігіміз алдағы уақытта да табысты жалғаса беретініне сенімдімін. Бүгінгі салтанатты рәсім – үлкен жұмыстың бастамасы. Жобаның табысты жүзеге асуына тілектеспін, – деді Нұралхан Көшеров.