
Елордада Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен жетім балалар мен ата анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдауға арналып алғаш рет ұйымдастырылған «Жұлдыз болғым келеді» республикалық вокалдық байқауының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Бұл шығармашылық жоба — жас таланттардың арманы мен дауысына қанат бітірудің жаңа алаңы.

Республикалық ән байқауында
Түркістан облысы білім басқармасына қарасты «Т.Тәжібаев атындағы отбасылық үлгідегі балалар ауылы» КММ-нің тәрбиеленушісі, Арыс қаласындағы Достық мектебінің 11 сынып оқушысы Өскенбаев Ерасыл Әмірұлы 42 үміткер арасынан үздік өнер көрсетіп, "Жоғары санаттағы "Соло" номинациясы бойынша Гран при иеленді. Ерасылға Дубайға жолдама тарту етті.
«Көптеген қатысушы үшін бұл — үлкен сахнадағы алғашқы қадам, елордаға алғашқы сапар, арманына жету жолындағы маңызды белес. Біз жас таланттардың қабілетін ашуға, олардың жұлдызын жарқыратып, адамдарға қуаныш сыйлауға бағытталған бастамаларды әрқашан қуана-қуана қолдауға дайынбыз», - деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Өнерге бейімі жоғары бұл оқушы жан-жақты талантымен ерекшеленді. Сахна мәдениетін, өнерге деген қызығушылығын және орындаушылық қабілетін ұдайы дамытып келеді. Ән айту тағы басқа да шығармашылық жұмыстарда белсенділік танытып, түрлі мектепішілік және аудандық іс-шараларда үздік нәтижелер көрсетуде. Еңбексүйгіштігі мен жауапкершілігі оның өнер жолындағы жетістіктерін айқындай түседі.