Шардара аудандық мәдениет үйінде өткен «AGROFEST Шардара – 2025» шарасында аудан әкімі Арман Қарсыбаев ауыл шаруашылығы саласының үздік еңбеккерлеріне алғыс айтып, арнайы дипломдар мен сыйлықтар табыстады.
Аудан басшысы өз сөзінде Шардараның аграрлық әлеуеті жыл сайын артып келе жатқанын, диқандардың бірлігі мен жүйелі жұмысының нәтижесінде барлық негізгі дақылдар бойынша жоғары өнім алынғанын атап өтті. Сондай-ақ шаруа қожалықтарында техника жаңарып, су үнемдеу технологиялары кеңінен енгізіліп жатқанын айтты. Алдағы жылдың егіс жұмыстары жоспарға сай жүріп жатқанын, күздік бидай егу толық орындалғанын жеткізді. Көпшілікті Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, барша қауымға амандық пен береке тіледі. Іс-шара мерекелік ән шашуға жалғасып, қатысушыларға ерекше көңіл-күй сыйлады.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес, ауданның ауыл шаруашылығы саласы тұрақты дамуда. Экономиканың 80 пайызын құрайтын бұл саланың жалпы өнім көлемі биыл 64,9 млрд теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 101,3% болды. Өнім көлемі өткен жылмен салыстырғанда 4,6 млрд теңгеге артты. Агроөнеркәсіп кешеніне 23 млрд теңге инвестиция тартылып, оның 10 млрд теңгеден астамы «Казкрахмал» ЖШС жүгері өңдеу зауытының құрылысына бағытталды.
Егіс алқаптарында ағын суды үнемдеу бойынша 5,0 мың гектардан астам жерге жаңа тамшылатып суару технологиясы енгізілді, бұл өз кезегінде су шығынын азайтып, өнімділікті арттырды. Мал шаруашылығы саласында 5 жаңа бордақылау алаңы іске қосылып, жалпы саны 45-ке жеткен.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі