
Жаңа технологияларды енгізудің нәтижесінде пункттерде шекарадан өту уақыты 30 минутқа дейін азайып, өткізу қабілеті тәулігіне 1 000 көлікке дейін ұлғайтылды. Қазір жаңартылған өткізу пункттері арқылы көлік ағыны 2,5 есе артты. Мәселен, 2022 жылы шекараны 640 мың автомобиль кесіп өтсе, бүгінде бұл көрсеткіш 1,5 млн-ға көбейді.

«Қазығұрт» өткізу пункті – халықаралық стандарттарға сай келетін заманауи технологиялық кешен. Мұнда көлікті тіркеудің автоматтандырылған жүйесі, озық сканерлеу жабдықтары, салмақ-габарит өлшеу жүйелері, сондай-ақ рентген-телевизиялық қондырғылар, «тепловизорлар» және радиациялық бақылау құралдары іске қосылған. Қозғалыс ағыны жаяу жүргіншілер, жеңіл және жүк көліктері деп арнайы бөлінген. Бұл қауіпсіздікті арттырып, қозғалысқа жайлы жағдай жасайды. Жүк көліктері үшін техникалық бақылаудан тоқтаусыз өтуге мүмкіндік беретін автоматтандырылған дәліздер қарастырылған.

Инфрақұрылымды жаңартумен қатар министрлік кеден рәсімдерін цифрландыру бойынша да қарқынды жұмыстар жүргізіп келеді. Айталық, Keden ақпарат жүйесі кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр, онда толық интеграцияланған цифрлы кеден жүйесіне көшу қарастырылған. Жүйе экспресс-жүктермен жұмысты, тауарларды есепке алуды және виртуалды қоймаларды автоматтандырды. Қазір жасанды интеллект негізінде тауарлар мен қызметтерді декларациялау модулін іске қосу қолға алынған. Мақсат – электронды декларацияның толық циклін аяқтап, 2026 жылдан бастап тиімділікті бақылау, сараптау және бағалау үшін жаңа модульдерді енгізу. Бұл бизнес үшін жұмысты айтарлықтай жеңілдетіп, қызмет көрсетуде жеделдете түседі.
«Жаңа өткізу пункттерін іске қосу – мемлекеттік органдардың, мамандардың, инженерлердің, құрылысшылардың және шекара қызметінің бірлескен жұмысының жемісі. Біз экономиканы дамытуға әсер етіп, Қазақстанды ашық, сенімді және бәсекеге қабілетті транзитті хаб ретінде айқындайтын заманауи, технологиялық және жайлы инфрақұрылымды құруға мән беріп келеміз. Бұдан басқа өткізу пункттерін жаңғырту – Мемлекет басшысының Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған тапсырмасын іске асыру бағытындағы жүйелі қадам. Біз сауданы арттырып, бизнестің жұмысын жеңілдететін және Қазақстанды аймақтың негізгі логистикалық торабына айналдыратын заманауи инфрақұрылым құрып жатырмыз», — деді Мәди Такиев.