ТҮРКІСТАНДА Р.СЕИТМЕТОВ АТЫНДАҒЫ САЗДЫ-ДРАМА ТЕАТРЫ БИЫЛ 150-ГЕ ЖУЫҚ СПЕКТАКЛЬ САХНАЛАҒАН

ТҮРКІСТАНДА Р.СЕИТМЕТОВ АТЫНДАҒЫ САЗДЫ-ДРАМА ТЕАТРЫ БИЫЛ 150-ГЕ ЖУЫҚ СПЕКТАКЛЬ САХНАЛАҒАН
▪️Р.Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театры биыл 150-ге жуық қойылымды сахналады. Сондай-ақ, театр репертуары осы жылы 6 жаңа қойылыммен толықты. Оның үшеуі ересектерге арналса, қалғаны балаларға арналған. Бұл туралы брифингте театр директоры Арман Алиев мәлімдеді.
▪️«Биыл 141 қойылым көрермен назарына ұсынылды. Қазір «Мульти стори» жаңа жылдық қойылымның дайындығы жүріп жатыр. Театр ұжымы 2025 жылы жалпы 2 халықаралық және 3 республикалық фестивальдерге қатысты. Одан бөлек, гастрольдік іс-сапарларда болды. Театр жанынан құрылған «Тарлан» музыкалық-аспапты ансамблі мен «Би-Сұлтан» би ансамблі Қазақстанның мәдениеті мен өнерін насихаттау мақсатында Үндістан елінің Дели, Пенджап, Амритсар, Агра, Чандигарх қалаларында өнер көрсетті. Сонымен қатар, өнерпаздар Ресей елінің Кинешма қаласында өткен «Островский fest» атты театр фестиваліне қатысып, лауреат атанды»,- деді Арман Алиев.
▪️Сондай-ақ, брифингке қатысқан театр актері Нұржан Ізтаев өнер ұжымы ел ішінде де біршама жетістіктерге қол жеткізгенін айтты. Оның ішінде, Қазақстанның Халық әртісі, көрнекті театр және кино актері Құрманбек Жандарбековтің 120 жылдығына арналған республикалық театр фестиваліне қатысқан. Онда Д.Исабековтың «Өйтпесе, Мағжан бола ма?» драмасымен қатысып, Зылиха рөлі үшін «Ең үздік әйел бейнесі» номинациясымен театр әртісі Кәмшат Аштекова мараппаталған. Сондай-ақ, А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрында Қазақстанның халық әртісі, көрнекті режиссер Асқар Тоқпановтың 110 жылдығына арналған республикалық театр фестиваліне қатысып, Ә.Қалдыбаевтың «Жалғыз желкен» драмасын ұсынды. Қазылар алқасының шешімімен театр әртісі М.Құрманбеков «Үздік екінші пландағы ер адам бейнесі» номинациясымен марапатталған.
▪️Айта кетейік, 2025 жыл театр үшін табысты, шығармашылық тұрғыдан жемісті жыл болды. Осы орайда, театр әртісі Нұржан Ізтаев Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі күніне орай «Еңбек даңқы» төсбелгісімен, Аяз Ілясов «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар, театрдың құрылғанына 25 жыл толуына орай, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өнер ұжымына жаңа 50 орындық заманауи автобустың кілтін табыстады.